Абай облысында су құбыры шұңқырын тазарту кезінде 3 адам мерт болды

Су құбыры шұңқырын тазарту кезінде екі қызметкер мен жергілікті тұрғын биогазбен уланған. 

Абай облысында құдыққа түскен үш азамат биогазға уланып қайтыс болды. Марқұмдардың екеуі Алматы қаласының тұрғыны, үшіншісі жергілікті тұрғын, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы жағдай Преображенка ауылында болды. Үш бірдей азамат құдықтың ішінде жатқанын көрген тұрғындардың бірі құтқарушыларды шақырған.

— Көкпекті ауданының елді мекендерінің бірінде су құбыры шұңқырын тазарту кезінде екі қызметкер мен жергілікті тұрғын биогазбен уланған. Осы факті бойынша екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған еңбек қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру жүргізіліп жатыр. Ұлынан айырылған ана мердігер компания басшылығымен қоса, жергілікті шенділерді де жауапқа тартуды талап етіп отыр, – делінген Абай облысы ПД баспасөз қызметі хабарламасында. 

Бұл елді мекенде су құбыры былтыр ғана қолданысқа беріліпті. Бірақ жыл өтпей құбырдан ақау шыққан. Сондықтан мердігер мекеме кепілдік мерзімі бойынша оны қалпына келтіруге міндеттелген екен. 34 жастағы екі жігітті Алматы қаласынан жөңдеу жұмыстарына солар арнайы жіберген сыңайлы. Ал 37 жастағы жергілікті азаматтың шұңқырға қалай түсіп кеткені белгісіз. Себебі ол екі жігітпен бірге жұмыс істемеген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

— Менің баламның өліміне кім жауап береді? Қай адам? Ал енді баламды тауып берсін. Мынаның ішінен мәйітін шығарды. Шығара алмай. Бұл не сұмдық?! Сонда олар тендер ұтып алады екен. Неге сауыт-сайманымен келмейді екен? Неге арнайы машинамен келмейді?, – дейді марқұм Д.Жақыповтың анасы Гүлнар Жақыпова.