«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясына Жамбыл облысы Жуалы ауданында 5,95 гектар жерінен айырылып қалған азамат жүгінді.
Әділдік іздеген азамат «Жер аманаты» комиссиясына жүгінді – «AMANAT»
4,613
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясына Жамбыл облысы Жуалы ауданында 5,95 гектар жерінен айырылып қалған азамат жүгінді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, аталған комиссия төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

2001 жылы 12 желтоқсанда Жуалы ауданы әкімінің #1821 шешімі негізінде «Айтуған» шаруа қожалығының иелігіне #06-089-029-003 кадастрлық нөмірі бар жерге мемлекеттік акт берілді.

Алайда, Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы мен Жылжымайтын Мүліктің Бірыңғай Мемлекеттік Кадастры базасында, МК КЕАҚ филиалында аталған учаскеге қатысты барлық мәлімет түсініксіз жағдайда жойылып кетіп отыр. Есесіне, аудан әкімдігі осы 5,95 гектар жерді конкурсқа шығарып, учаске ықпалды азаматтардың иелігіне өтіпті.

– «Сонда КеАҚ жер кадастры бөлімінің филиалы әкімдікке конкурсқа шығарылатын учаскенің бос жатқаны және үшінші тұлғалардың заттық құқықтарына ауыртпалық түсірмейтіні туралы мәлімет берсе, онда Жер-кадастрлық ісіндегі, кадастрлық картадағы, Жердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміндегі барлық графикалық және құқықтық мәліметтер қайда кетті? КеАҚ қызметкерлері Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасынан жердің заңды иесіне тиесілі графикалық деректер мен мәліметтерді әдейі жойып жіберді ме? Учаске иесінің жер-кадастрлық істері қайда? Заңды негіз болмауына қарамастан, барлық координатты өшіріп, жасырып, кадастрлық істі мұрағатқа жолдап, ақпараттық базаны тазартып, әкімдікке жаңа анықтама берді ме?», – деді Бақытжан Базарбек.

Халық қалаулысының айтуынша, Жер кодексінің 43-1-бабының 2-тармағына сәйкес, конкурсқа шығарылатын учаскелердің тізбесін ауданның уәкілетті органы айқындайды. Яғни «Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылары мен қызметкерлері аталған учаскені 2001 жылдан бері жоғарыда аталған шаруа қожалығы пайдаланып келе жатқанын білмей қалуы мүмкін емес. Себебі бұған дейін аталған учаскенің жер жобасын осы дәл осы бөлім бекіткен болатын.

«Ендеше, неге бұл бөлім осы учаскені конкурсқа шығарылатын тізімге енгізді? Жер ресурстарын басқару департаменті тиісті тексеру жүргізгеннен кейін нақты құқықтық баға беріледі. Ең бастысы, осы тармаққа сәйкес, келісім беруші органдар мен ұйымдар орналасу схемасымен бірге конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің тізбесі келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өз ұстанымының дәлелді негіздемесімен қорытынды ұсынады. Тиісінше, КеАҚ, жер қатынастары бөлімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі сынды келісім беруші органдар қандай қорытынды шығарғаны қызығушылық тудырады. Шығарылған қорытынды мен осы іске қатысты барлық материалды ұсынуды талап етеміз», – деді депутат.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, жердің заңды иесіне тиесілі учаскені конкурсқа шығару фактісі расталатын болса, онда бұл әрекет әдеттегі заң бұзушылық емес, сыбайлас жемқорлық қылмысы ретінде назарға алынады. Сонымен қатар, осы оқиға алдағы уақытта Парламент Мәжілісінің отырыстарында да көтеріледі.

Жуырда республикалық «Жер аманаты» комиссиясының Жамбыл облысындағы жұмысы аясында осы факті бойынша тексеріс жүргізіледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Тelegram арнасынан таба аласыз.