Антикор Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласына мемлекетаралық іздеу жариялады

Қапеновке Ресейде іздеу салынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҰҚК-ның экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновке мемлекетаралық іздеу салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Курсив басылымына сілтеме жасап.

Антикорда "курсивке" Қапеновтің мемлекетаралық іздестіру жарияланғаны айтылды.

Олардың хабарлауынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қапенов Азамат Абайұлы іздестіріліп жатқанын растайды. Іздеу түрі – «мемлекетаралық». Басқа ақпаратты кейінірек хабарлаймыз», – деп мәлімдеген Антикор.

Тіпті, бұл жайында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталының сайтындағы іздеу картасы жарияланған. Енді Азамат Қапенов 9 тамыздан бастап іздеуде. Оған Шығыс Қазақстан облысы бойынша Антикор департаменті іздеу салып жатыр. Алайда картада не себепті іздеу салынғаны көрсетілмеген.

 

Айтар болсақ, бұған дейін Қапеновке Ресейде іздеу салынған болатын.

Айта кетері, Азамат Қапенов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы. 2015 жылы ол Мәсімовтің үлкен қызына үйленген.

Естеріңізге салайық, Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасы бойынша тұтқындалып, мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жуырда ол Президенттен рақымшылық сұраған еді, бірақ оның өтініші қанағаттандырылмады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.