Мәдениеттің түрлі саласына өз ізін қалдырып, есімі тарихтан ойып тұрып орын алған. Жазып кеткені де баршылық. Сол жазғанын оқып отырып, бүгінгі оқырманға Ақселеу Сейдімбектің сөзін жеткізгіміз келді. Ол үшін баспасөзде кеңінен таралған ретроспективалық сұхбат жанрын пайдаландық. Яғни, сұхбат алушы біз болсақ, жауап сөзді Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінен алып, оқырманға ұсынып отырмыз.
– Ақселеу Сланұлы, қазақ үшін күй деген не?
– Күй қазақ халқының өмір салтында, тіршілік-тынысында елеулі орны бар. Оның мысалы мың сан. Мәселен, қазақ күйлерін туу себептеріне қарай «арнау күйлері», «бәсеке күйлері», «хабаршы күйлері», т.б. деп саралап танитын дәстүр бар. Аты айтып тұрғандай, дәулескер күйші өзінің жүректен шыққан күйлерін өмір құбылысына, жеке адамның қылық-қасиетіне арнайы, сыйға тартады, тілек етеді, күймен хабар береді, естіртеді, емеурін етеді, сондай-ақ өлімге басу айтқандай жұбатады немесе бірге қайғырып жоқтайды.
– Осы «күй» сөзі нені білдіреді?
– Иісі түркітілдес халықта, оның ішінде қазақтарда да Тәңірдің синонимі ретінде «көк» сөзі қолданылады. Күні бүгінге дейін қазақ бата-тілек айтқанда «көгеріп-көктеңдер» дейтіні, тыйым салғанда «көкті баспа» дейтіні, қарғап-сілегенде «көктей солғыр», «көгерме», «көк шешегі келсін», «көк соқыр» дейтіні сондықтан. Қазақ тіліндегі «күй» сөзінің көне түркілік түпкі мағынасы «көк» сөзімен тектес. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады.
– Адамдар күйді қалай шығарады?
– Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнерінде күй себепсіз шықпаған. Күйдің дүниеге келу себебі күй аңызға айналған. Яғни, күйдің де, күй аңызының да себепті (этимогиялық) сипаты басым. Осы тұста күйге де, күй аңызына да қатысты бірдей тұлғаға назар аударады. Ол – күйші-композитор. Сөз жоқ, алдымен күйші-композиторды не бұрынғы заманда өтіп кеткен оқиға толғантуы керек, немесе көз көрген бір оқиғаға тебіренуі керек, не болмаса өз басынан айрықша бір оқиға өтуі керек. Сонда ғана үлкен тебіреніс-толғаныстан кейін дүниеге күй келеді. Ал күйшіні тебіреніп-толғантқан сол оқиға ел ішінде күй аңызы болып тарайды.
– Адам өзгеретінін білеміз, ал күй өзгере ме?
– Нағыз төлтума музыканың болмысындағы этникалық сипат сөйлеу тіліне қарағанда басымдау болады. Этнологтердің пікірінше, тарих зобалаңына тап болып, сырт күштің экспансиясына ұшыраған ұлттың алдымен өмір салты ассимиляцияға ұшырайды. Сонан соң тұрмыс-тіршілігі, киген киімі, моральдық-этникалық қалыптары сырттан ықпал еткен өктем күшке мойын ұсынып еліктейді. Ұлттық қасиеттен ең соңғы ассимиляцияға түсетін – музыка. Бұл этностар тағдырында талай рет дәлелдеген ақиқат. Демек, ұлттық қасиет пен ұлттық ділді бойына ең мол сіңірген рухани құбылыс пен музыканы айтуға негіз мол. Музыканың тілі сөйлеу тілінен мүлде бөлек. Бәлкім, сөйлеу тіліне, яғни сөзге қарағанда сезімді бейнелеу мүмкіндігі молдау болар. Себебі, музыканың тілінде белгілі бір этностың биопсихологиялық болмысымен біте қайнасқан нысандық, емеуріндік қасиеттер бел алып жатады. Сондықтан да белгілі бір ұлттың музыкалық мәдениетін танып-түсіну үшін сырт бітіміне ғана, жанрлық ерекшелігіне ғана немесе әуендік құрылымына ғана ден қою жеткіліксіз.
– Мысалы…
– Бұл қасиеттер, бейнелеп айтқанда, ару қыздың түрлі-түсті фотосын қызықтағандай ғана деңгейде. Яғни, музыканың ұлттық тілін түсінбей, дыбыс ырғағы бойынша немесе қатаң нота бойынша бағалау, жаңағы ару қыздың қылық-қасиетін фотосы бойынша бағаланғанмен бірдей. Музыканың ұлттық таным-түсінікпен тыңдау, музыканың семантикасын ұлттық сезім тілімен жору арқылы ғана оның шынайы парқын (түпнұсқалық парқын) бажайлауға болады. Сөз жоқ, мұндай талғам-талаптар кез келген музыкалық туындының, соның ішінде күй өнерінің де халықтық төл талғам-таным аясында қасиеттерін жетік білуді қажет етеді.
– Нота деп қалдыңыз. Бүгінгі күні негізінен нотаға қарап күй үйреніп, тартылады.
– Қазақстанның ең басты музыкалық білім ордасы – Алматы консерваториясында студенттер қазақ музыкасының дәстүрлі әуездік (интонациялық) жүйесін игерсе, музыка теориясына келгенде еуропалық жүйе оқытылып келді. Мұның өзі, бейнелеп айтқанда, кілем тоқушыларға кілем тоқитын станокты үйретудің орнына поршень жасайтын станокты үйреткенмен бірдей әбестік еді. Білім жүйесіндегі бұл үрдіс бірнеше толқын ұрпақты дүбәралап, мәңгүрттендіріп келе жатқаны соншалық, мұның өзі ең алдымен қазақ халқының музыкалық мәдениетінің тамырын қиятын жегіқұрт сияқты жағымсыз әсер етіп келе жатқанын айрықша алаңдап айтуға тура келеді.
– Күй тарту бар, күй зерттеу бар. Ол жайлы не айтар едіңіз.
– Құдайберген Жұбановтың «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жайлы» еңбегі қазақтың күй өнерін кешенді қалпында зерттеудің бағдарламасы секілді. Мұндай сөз болатын өзекті мәселелер қазақтың бұрын туындаған, болашақта туындайтын күй мұрасын танып-түсінуге, жорып-саралауға бағдаршы боларлық мән-маңызын жоймақ емес. Әсіресе, күй тілінің «халыққа сондай жақын, сондай түсінікті» екенін қадап айтқан ойларының астарында көп мән бар. Қазақтың күй тілін жоруға жатжұрттық, әсіресе, еуропалық музыкатану тәсілдерінің сай келмейтіні, яғни қазақ күйлерін танып-жоритын төл талғам-тәсілдерінің бар екені, ондай талғам-тәсілдердің өзі ғылыми жүйелеуді, айғақтауды қажет ететіні қазақ музыкатануындағы ең іргелі проблемалардың бірі екенін атап өткен жөн.
Ахмет Жұбановпен рухани сұхбатты оқи отырыңыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.