Астанада көшеден ер адамның мәйіті табылды

53 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.

Астана қаласында көшеден ер адамның мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық ПД хабарлауынша, 20 тамыз күні сағат 18:50-де 102 арнасына Байқоңыр ауданының Янушкевич көшесінде ер адамның мәйіті табылғаны жөнінде ақпарат түскен.

Полиция оқиға орнынан пышақ жарақатын алған 53 жастағы ер адамның денесін тапты.

 «Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларының барысында 31 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, екі адамның арасында жанжал туып, соңы кісі өлімімен аяқталған. Заттай дәлел ретінде пышақ табылып, қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.