Иран президенті Ибрахим Раиси мінген тікұшақ апатына бортта адамның көп болуы себеп болған. Ислам Республикасының «Фарс» агенттігі арнайы қызметтегі дереккөздерге сүйеніп, осылай деп мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Бұған қоса агенттіктің хабарлауынша, құлаған тікұшақ сынықтарынан оқтың немесе жарылыстың іздері табылмаған.
Алайда Иран армиясының бас штабы көп кешікпей бұл ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын айтты. Дегенмен әскерилер осыдан 3 ай бұрын болған апаттың нақты себебін атаған жоқ.
Экс-президент Раиси отырған тікұшақ мамырдың 19-да құлады. Сол апаттан Иранның Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир-Абдоллахян, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малик Рахмат пен тағы бірнеше адам қаза тапқан болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.