Әкім наркологқа жеткізіліп, қамауға алынды

Петропавл маңындағы Бескөл ауылдық округының әкімі мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалды.

Петропавл маңындағы Бескөл ауылдық округының әкімі мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалды. Қызмет көлігін мінген шенеунікті жол сақшылары сараптамаға күштеп апарған. Алайда ол медициналық тексерістен өтуге қарсылық білдірген,  – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

«Медициналық сараптама тәртібі бойынша психоактивті заттар қолданғанын және масаң күйін анықтау міндетті болып саналады. Куәландыруға қарсылық білдірген адам кінәлі болып есептеледі. Қолдағы бейнематериалдарда нарколог дәрігердің Қанат Дарбаевқа  осының бәрін түсіндіріп жатқаны анық көрсетілген. Оның сараптамадан бас тартуы –  орта деңгейдегі масаң күймен теңестірілді», – дейді судья Динара Рахимберлина.

Ауыл әкімі алкоголь ішкен-ішпегенін куәландырудан бас тартқаны үшін 15 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Алайда шенеунік бұл шешіммен келіспей отыр. «Арақ атаулыдан адамын» деген азамат мұны өз қызметімен байланыстырып отыр.

«Жұмысыма кедергі келтіру үшін жағдайды әдейі ушықтырды», – дейді. Сондықтан өзі де сотқа шағымданбақшы.

«Кесілген 15 тәулік мерзімімді өтеп келген соң Жоғарғы сотқа шағымданамын. Олар да мені айыпты деп таныса, онда Әдеп кеңесі маған не тәртіптік жаза қолданып, не қызметімнен босатады. Бәрін уақыт көрсетеді»,  – дейді Бескөл ауылдық округының әкімі Қанат Дарбаев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.