Орманда шомылу – ағзаны керемет тазалайды

Денсаулықты жақсартудың қарапайым әрі тегін әдісін білесіз бе? Ағаштардың қатерлі ісікті болдырмайтын әсерін ғалымдар дәлелдеді.

BBC Science Focus сайтында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz орманда шомылудың пайдасын ғылыми негізде  қарапайым тілмен түсіндіреді.

Синрин-йоку немесе орман ваннасы – орманда немесе табиғат ортасында адамды сауықтыру мен демалтудың сезімдік (сенсорлық) релаксация түрі. Фото experiencelife.lifetime.life сайтынан алынды

Бұл ежелгі Жапониядан басталып, 1980 жылдары кең тараған әдіс. Оны табиғатпен үйлесімді байланысудың жолы, емдік жолы деп те атауға болады.

Синрин-йоку немесе орман ваннасы – бұл орманда немесе табиғат ортасында адамды сауықтыру мен демалтудың сезімдік (сенсорлық) релаксация түрі.

Бұл басқаларға ақылға қонымсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ қоршаған ортаның адамға ерекше әсерін білетін кең далада өскен көшпелілер үшін таңғаларлық жайт емес. Өйткені топырақ, су, өсімдік әлемі мен ағаштардың құпиясын батыс ғылымы енді ғана түсіне бастаса да көшпелі халықтар оны жақсы білген.

Орманға барып бірнеше сағат демаласыз, жеңіл жаттығулармен айналысып, жүйкеге шамадан тыс салмақ салатын технологиялық ғасырдың шуынан тазарасыз. Фото parkconnection.org сайтынан алынды

Ендеше ғалымдардың айтып жүрген орманда шомылуды қалай дұрыс пайдалану керек? Орман ваннасын қабылдау үшін сіз арнайы киім кимейсіз, суға түсіп немесе жердегі жапырақтарға оранбайсыз. Сіз жай ғана орманға барып, сезіміңізді оятасыз, телефоныңызды өшіріп, мүмкіндігінше ормандағы әрбір дыбысқа, сыбдырға құлақ түресіз. Осылайша, бірнеше сағат демаласыз, жеңіл жаттығулармен айналысып, жүйкеге шамадан тыс салмақ салатын технологиялық ғасырдың шуынан тазарасыз.

Қалада тұратын тұрғындар тыныш ауылға барғанда бұл сезімді жақсы біледі. Демалыс күндері ауылға кетіп, мидағы тығыздалып қалған түйіндерді тарқатады. Керемет босағандық немесе жеңілдеуді сезінеді. Мұндай жағдайда қан қысымы төмендейді, бастағы ойлар реттеледі.

Орманда шомылуға арналған зерттеулер тез болмаса да, біртіндеп өсуде. Табиғатпен қарым-қатынас біздің физикалық және психикалық денсаулығымызға айтарлықтай әсер ететіні ғылыми жолдармен дәлелдене бастады.

Орманда жиі демалатын адамдарда қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларының аз болатыны және жалпы өлім-жітім деңгейінің төмендегені тіркелген. Фото detroitnews.com сайтынан алынды

Жасыл өсімдіктердің әсерін зерттеген 2 018 мета-талдау қан қысымының, сілекей кортизолының және жүрек соғу жиілігінің төмендегенін анықтаған. Сондай-ақ  орманда жиі демалатын адамдарда қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларының аз болатыны және жалпы өлім-жітім деңгейінің төмендегені тіркелген. Осы уақытқа дейін орман ванналарын зерттеудің көпшілігі Жапония мен Оңтүстік Кореяда жүргізілген. Осы екі елде орманның адамға әсерін дәрігерлер өте жақсы түсініп, емдеу курстары ретінде тағайындайды екен.

Дерби университетінің денсаулық және әл-ауқат кафедрасының доценті Кирстен Макьюэн: «Сіз стреске ұшырасаңыз немесе қан қысымыңыз жоғары болса, дәрігермен сөйлесіп, орман ваннасын тағайындаған рецепт ала аласыз», – дейді.

Су, өсімдік әлемі мен ағаштардың құпиясын батыс ғылымы енді ғана түсіне бастаса, ұлы көшпелі халықтар оны жақсы білген. Фото mamanatural.com сайтынан алынды

Қазір Макьюэн және басқа ғалымдар британдық зерттеулерге орман ванналарын да қосуда. Макьюэннің өзі басында бұған күмәнмен қарағанын мойындайды.

«Менің медицина ғылымында көп тәжірибем бар. Бірақ орман ванналарының жүрек соғу жиілігінің өзгермелілігін жақсартқаны туралы дәлелдер бар. Бұл жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсарту үшін әртүрлі әдістерді қарастырған кезде маңызды нәтиже болып табылады», – дейді ол.

Британдық ғалымдардың зерттеуінде орманда шомылу жүрек соғу жиілігінің өзгермелілігін 12%-ға жақсартып, науқастың жалпы денсаулығын, көңіл күйін көтеруге көмектескені тіркелген.

Орман ванналарын бұлай сөзбе-сөз қабылдамаңыз. Фото vogue.com сайтынан алынды

Бұл нәтижелер клиникалық тұрғыдан өте маңызды. Тегін орман ванналары науқасты жүрек-қан тамырлары аурулары қаупінен құтқаруға көмектеседі. Бірақ ашық ауада уақыт өткізу адамдардың ұзақмерзімді денсаулығына нақты қандай механизмдер арқылы әсер ететіні ғалымдар үшін әлі де белгісіз болып қалуда.

Алғашқы гипотеза бойынша ағаштар мен табиғи дыбыстардың әсері адамның парасимпатикалық жүйке жүйесін белсендіретін болуы мүмкін. Ағзаның демалысы және ас қорыту жүйесі қалыпты жұмсақ жұмыс істегенде жасушалар қалпына келіп, жүректің соғу жиілігі төмендейді.

Тағы бір теория бар: ағаштар адамның иммундық жүйесін күшейтетін фитонцидтер мен цитокиндер сияқты химиялық заттар шығарады.

Доктор Макьюэн Ұлыбританиядағы әртүрлі өсімдіктердің осы қосылыстарды қалай шығаратынын өлшейтін алғашқы сынақтарға қатысты. Зерттеу көрсеткендей, пайдалы химикаттар (фитонцидтер мен цитокиндер) қалалық бақтармен салыстырғанда көне ормандарда жоғары. Кейбір ағаш түрлері, соның ішінде қылқан жапырақты және мәңгі жасыл ағаштар оларды көбірек шығарады.

Орман ванналары туралы мына сілтемеден де оқуға болады. 

Бурабайдың оттегіге қаныққан ормандары. Фото kokshetau.online сайтынан алынды

Енді доктор Макьюэн  қала сыртында, ашық табиғатта көп уақытын өткізетін адамдардан қан үлгілерін сынауға алып, зерттемекші. «Жапониядағы зерттеулер адамдардың қанындағы қатерлі ісіктен қорғайтын ақуыздардың 50%-ға артқанын көрсетті», – дейді ол. Жапондық зерттеулер көрсеткендей, аптасына екі-ақ сағат табиғатта уақыт өткізу денсаулықты едәуір жақсартады екен.

Астананы қоршаған жасыл белбеуде де орман ваннасында отбасымен бірге шомылуға болады. Тек өрт қауіпсіздігін сақтаңыз. Фото ortcom.kz сайтынан алынды

Бұл жерде адам денсаулығын ешқашан қоршаған ортадан бөліп қарамаған, оның табиғатпен үйлесімді өмір сүруіне үлкен мән берген шығыстық философияны батыстық медицина (жалпы батыс өркениеті) енді ғана мойындағанын айту керек.

Біздің ата-бабаларымыз ежелден білген ілімді батыстық ғалымдар енді ғана қуып жететін шығар. Ал ұлы көшпелілердің ұрпақтары бүгіннен бастап қала сыртындағы орманды алқаптарға шығып, отбасымен демалып, жүйкені босатып, өмірдің сапасын өсіруге ұмтылыңыздар. Астана тұрғындары демалыс күндері Бурабай ормандарына немесе қала сыртындағы жасыл белбеудегі орман ваннасында отбасыңызбен бірге шомылыңыз! Тек өрт қауіпсіздігін сақтаңыз.

Күлкі терапиясы да орман ваннасы сияқты пайдалы. Назар салыңыз!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.