Табиғаттың тосын апатынан зардап шеккен құлсарылықтарға Тимур Құлыбаев өзі жетекшілік ететін «Халық» қайырымдылық қоры арқылы көмек көрсеткен болатын. Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, «Халық» қоры арқылы су тасқынынан зардап шеккен құлсарылықтар үшін 30 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражаттың барлығы азаматтардың шоттарына аударылып, жаңа тұрғын үй салуға және үйлерді жөндеуге арналды.
«Жергілікті әкімдік тұрғындардың өтініштерін қабылдап, ең көп шығынға ұшыраған адамдардың тізімдерін ұсынды. Ал мүлікті бағалауды тәуелсіз сарапшылар жүргізді», – дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Су тасқынынан зардап шеккендердің қатарында құлсарылық Қадырбек Қоспақов та бар. Оның үйін 5 сәуір күні тасқын су басқан. Жақында ғана Қадырбек ақсақал қос қабатты зәулім үй сатып алып, қоныстойын тойлады.
«Тасқын әп-сәтте үйімізді шайып кетті. Тіпті, заттарымызды жинауға, киімдерімізді алуға үлгермедік. Абдырап қалмай, құжаттарымызды алып шыққаныма қуанам. Сөйтіп, санаулы минуттарда баспанамызды тастап кетуге мәжбүр болдық. Су деңгейі тез көтеріліп, 20 күнде үйіміз жарамсыз болып қалды. Сол себептен, көршілес Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылына барып, уақытша паналадық. Кейін Жылыой аудандық әкімдігінен көмек берілді», – дейді Қадырбек Қоспақов.
Қадырбек ақсақалдың айтуынша, арнайы комиссия мүшелері бұрынғы үйіне зерделеу жүргізген. Бағалау комиссиясының мамандары оның үйін жарамсыз деп тануға шешім шығарған.
«Арнайы комиссияға құжаттарымызды тапсырғаннан кейін, өтемақы қаржысы бес күн ішінде арнайы есепшотыма түсті. Өтемақыға берілген қаржының мөлшері көңілімнен шықты», – дейді Қадырбек Қоспақов.
Ол өтемақы қаржысын алған соң жаңа баспананы Атырау, Ақтау және Ақтөбе қаласынан сатып алу нұсқасын қарастырған.
«Жаңа баспана іздеп, біраз жүріп қалдық. Өтемақы қаржысына өзге қалалардан үй сатып алатындай мүмкіндік болды. Бірақ туған жер ыстық болады екен. Басқа қалаға көшіп кете алмадық. Сол себептен, Құлсарыдан екі қабатты коттедж сатып алдық», – деді Қадырбек Қоспақов.
Қазір оның отбасы жаңа баспанаға көшіп келді. Еске сала кетсек, бұдан бұрын Құлсары халқына үй сатып алуға, жөндеуге 70 млрд теңге аударылғанын хабарлаған болатынбыз.
Қазір Құлсарыда тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа «Болашақ» деп аталатын ықшамауданы бой көтерді. Ол жерге 100 отбасы қоныстанады деп жоспарланып отыр. Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Болашақ» деп аталатын жаңа ауданға кезең-кезеңімен 100 отбасы қоныстанады. Тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру шаралары аясында Құлсарыда қыркүйек айында үйлер беріле бастайды. Мұнда қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, әр үйдің көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Үйлер 5 бөлмеден тұрады. Қазір 84 үйдің қабырға қалау жұмыстары аяқталып қалған, ал 57 үйдің шатыры жабылып жатыр. 35 үйде сылақ жұмыстары басталып, 43 үйге терезе орнатылған. Сонымен қатар жаңа үйлерге электр, су, кәріз желісі тартылған.
Мұнайлы өңірде су тасқынынан зардап шеккен 2 674 объектіге техникалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, 100 жаңа үйдің құрылысы жүруде, 1 376 үй сатып алу туралы шешім қабылданып, 1 372-сі сатып алынды. Жөндеу жұмыстары жүргізілуге тиіс 1 198 үйдің 1 191-не жөндеу жұмыстары аяқталған.
«Бүгінде 6 шақырымға жуық жол қалыпқа келтірілді. Бұған бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген», – дейді Жылыой аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекет Бозжігіт.
Спикердің айтуынша, жұмыстар екі бригадаға бөлінуде. Тағы бір бөлігі – Ақкиізтоғай ауылдық округінің кірме жолы. Яғни, аудандық маңызы бар автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Сондай-ақ Құлсары қаласын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы және демалыс саябағы салынуда. Бұл жұмыстарға 3,5 млрд теңге бөлінген.
Осылайша, тасқыннан кейінгі Құлсарыда жаңа өмір басталды.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы