Қиындықпен күрес – өмір сүру ұзақтығын өзгертеді

Жаңа зерттеулер қиындықта сабырлы болып, орнықты мінезін жоғалтпайтын қарттарда қайтыс болу тәуекелі төмен болатынын көрсеткен. Адамның мінезі өмір сүру жасына әсер етеді екен.

Cабырлы және байсалды мінез қиындықтарды жеңуге ғана емес, өмір жасын ұзартуға да көмектесетіні туралы sciencefocus.com журналы жазды. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz мінез бен өмір жасының ұзақтығы арасындағы байланысты түсіндіреді.

Жасанды интеллект салған қазақ отбасы. Қандай кемшіліктер байқадыңыз? Фото pikabu.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Midjouney ЖИ

Адам қартайған сайын қиындықтарды жеңу көп энергияны қажет ететіні рас па? Ғалымдар өмірдегі қиындықтармен күрес өмір сүру ұзақтығын өзгертетінін анықтаған. Жаңа зерттеулер жас ұлғайған сайын өмірдегі жеңістер мен жеңілістерге бірқалыпты қарау өлім қаупін азайтуы мүмкін екенін көрсеткен. Психикалық орнықты мінезді ересек адамдардың қайтыс болуы басқалармен салыстырғанда 53%-ға төмен болған. BMJ Mental Health журналында жарияланған зерттеу кезінде 50 және одан жоғары жастағы америкалықтардың психикалық байсалдылығы мен денсаулығы туралы ақпарат жиналған.

Ғалымдар 10 569 ересек адамды шамамен 12 жыл бойы және олар қайтыс болғанға дейін бақылаған.

Өмірдегі сынақтармен күресе білу қиындықтардың жағымсыз әсерін жеңе алады. Фото neighborsdc.org сайтынан алынды 

Олар алдымен өздерінің психикалық орнықтылығын өлшеп, оны сабырлылық, талапшылдық, тәуелсіздік және белгілі бір тәжірибелерді жалғыз жеңу керектігі туралы сауалнамаға берген жауаптары негізінде 0-ден 12-ге дейінгі шкала бойынша бағалаған. Содан кейін зерттеуге қатысушыларды психикалық тұрғыдан қаншалықты орнықты екеніне қарай төрт топқа бөлген.

Ең төзімсіз топпен салыстырғанда, ең төзімді қарт адамдардың келесі 10 жылда өлу ықтималдығы 53%-ға аз болған.

Мәнді өмір сүру, жағымды эмоциялар адамның сабырлы мінезіне әсер етуі мүмкін. Фото stock.adobe.com сайтынан алынды. Авторы: Pajaros Volando

Ғалымдар психикалық орнықтылық өмір бойы өзгеретін және дененің стреске реакциясын реттейтін жыныс, гормондар және гендер сияқты факторлардың әсерінен болатын белсенді процесс екенін айтады. Бірақ мәнді өмір сүру, жағымды эмоциялар және әлеуметтік қолдауға қанағаттану адамның сабырлы мінезіне әсер етуі мүмкін екенін ғалымдардың көздері жеткен. 

«Осы жағымды эмоцияларды ояту психологиялық орнықтылықтың қорғаныш әсерін күшейтуі және жинақталған келеңсіздіктердің ересектердің психикалық денсаулығына кері әсерін азайтуы мүмкін», – дейді Сунь Ятсен университетінің (Қытай) және Каролинска институтының (Швеция) ғалымдары.

Зерттеушілер психикалық орнықтылық ауру мен жарақаттан кейін физикалық қалпына келтіру сияқты әсер етуі мүмкін деп санайды. Өйткені өмірдегі сынақтармен күресудің жақсы дағдылары өмірдегі қиындықтардың жағымсыз әсерін жеңе алады.

Қиындықтарды жеңуге деген сенім мен позитивті мінез адам өмірін ұзартады. Фото bigthink.com сайтынан алынды. Авторы: Adobe Stock / LuckyBusiness

Бұл Жаратушының берген жасын өзгертпегенімен, өмірдегі қиындықтарды жеңуге деген сенім мен позитивті мінез адам өмірін ұзартуы мүмкін дегенді білдіреді. 

Дегенмен ғалымдар денсаулықтың нашарлығы (мысалы, қант диабеті немесе инфаркт тудыруы мүмкін жүрек-қан тамырлары аурулары) және зиянды өмір салты психикалық орнықтылық пен өлім ықтималдығы арасындағы байланыстың тиімділігін азайтатынын айтады.

Жаңа зерттеудің қорытындысы мінезі байсалды, өмірге құлшынысы жоғары адамдардың ұзақ жасау ықтималдығы да жоғары болатынын көрсеткен. Өмірдегі қиындықтарды трагедия жасамай, оларды жеңуге ұмтылу да ұзақ жасаудың бір себебі деп танылған.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.