Алматы облысында күйдіргі жұқтырғандар саны артып барады

Індет ошағына айналған Үлкен Ақсу ауыл округіне карантин енгізілген.

Алматы облысында күйдіргі жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып жатыр. Соңғы дерек бойынша, қауіпті дертке шалдықты деген күдікпен 16 адам ауруханаға түскен. 11-нің сынамасы оң нәтиже көрсетіпті. Денесін жара басқан науқастар қазір дәрігерлердің жіті бақылауында, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Індет ошағына айналған Үлкен Ақсу ауыл округіне карантин енгізілген. Ауыл сыртында екі блокбекет қойылған. Әрбір іштен сыртқа, сырттан ішке келетін көліктердің бәрі осылай іші-сырты тексеріліп, кейін дөңгелек залалсыздандыратын арнайы жермен өткізеді.

Қазір бөтен адам кіре алмайтын 5 мыңнан аса тұрғыны бар үш ауылдың халқы ауданға азық-түлік, керек-жарағы үшін ғана қатынап жүр. Бірақ ет-сүт, жемшөп, кез келген жануарды сыртқа шығара алмайды. Көлігінен табылса, айыппұл салынады. 

— Бүгінде 13 мың шаршы метр жайылымды алқап пен 1450 шаршы метр қора жайға дезинфекция жасалды. Үлкен Ақсу ауыл округінде 5952 бас ірі қара, 2709 ұсақ мал, 323 бас жылқы жануары Сібір жарасына қарсы егілді, – деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ұйғыр ауданы аумақ инспекция басшысы Арслан Тохтиев. 

Дәрігерлер де күнде ауылдағы әрбір үйді аралап, тұрғындарды тексеріп жүр. Күйдіргі пайда болғаннан бері дене қызуы көтеріліп, тері қабатында жарасы бар 12 адамды ауруханаға жатқызған. Бәрінің жағдайы бірқалыпты. 

— Олар дәрігерлердің қатаң бақылауында, байланыста болған науқас саны — 42. Үйде, қатаң бақылауда 14 тәулік болады. Күн сайын дене қызуын, тері қабатын байқап, медицина қызметкерінің бақылауында болмақ, – деп нақтылады Ұйғыр ауданы орталық ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Байкөбесов.

Тағы екі науқас қазір Алматыда емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, біреуінің жағдайы ауыр, ол жансақтау бөліміне түсіпті. Ауылда ірі қара малды сойып, ең алғаш күйдіргіні жұқтырған да солар болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.