Депутаттар Қатармен басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді және ТМД-ның кейбір елдерімен биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялады. Сонымен қатар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Оның ішінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулер де бар.
2024 жылы 20 наурызда Дохада Қазақстан мен Қатар үкіметтері басым салалардағы жобаларды дамыту бойынша ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге қол қойды. Осы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндады.
– Келісім инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуды, тартымды инвестициялық орта қалыптастыруды көздей отырып, елімізге жалпы сомасы 20 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, – деді Н.Байбазаров.
Келісім аясында осы саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатымен Мемлекет басшысының елімізге сенімді шетелдік банктерді тарту жөніндегі тапсырмалары қамтылады. Құжатқа сонымен қатар қуаттылығы жылына 1 млрд, 2,5 млрд және 6 миллиард текше метр газ өңдеу зауыттарын салу бойынша үш жоба кіреді. Бұл ретте «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі, «Кс-14» жаңа компрессорлық стансасы және «Кс-14-Қостанай» газ құбыры, Қызылорда облысындағы аралас циклді газ зауыты негізіндегі электр стансасы және Ертіс өзенінде су электр стансасы салынады.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, бұл келісім қосымша инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға, заманауи технологияларды енгізуге және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар шақырылған Үкімет өкілдеріне түзетулерге қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша келісімді ратификациялады.
Бұдан соң мәжілісмендер биологиялық материал алмасу туралы келісімді де ратификациялады. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан 2022 жылғы 20 мамырда ТМД мемлекеттері Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойғанын айтты.
– Келісімшарттың негізгі міндеттері: микроорганизмдердің биологиялық қасиеттерін, оның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы зерттеу, зерттеулерде тек аккредиттелген әдістерді қолдану және олардың нәтижелерінің құпиялығын сақтау, – деді А.Бердалин.
Аманғали Бердалин биологиялық материал алмасу аурудың қоздырғышын анықтауда эталондық үлгілер ретінде пайдалану үшін микроорганизм штаммдарының ұлттық коллекциясын толықтыруға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ тараптардың келісімі бойынша вакциналардың қазіргі түрлерін әзірлеп, шығаратынын атап өтті.
Жұмыс тобының жетекшісі Қазыбек Әлішев қосымша баяндамасында келісім аясында жануарлардың жұқпалы және аса қауіпті ауруларының таралуын болдырмауға және қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған профилактикалық тәсіл жүзеге асырылатынын айтты.
Сонымен қатар бүгін Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулерді жұмысқа қабылдады. Заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Ол Мемлекет басшысының жер қойнауын пайдалану саласындағы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Нормалардың бірінде жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын құру көзделген.
Мәжіліс комитеттері басқа да жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: БҰҰ бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы; Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы; Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы; 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа одаққа мүше мемлекеттер арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары.
Жалпы, отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 13 депутаттық сауал жолдады.
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Әділ Жұбанов Көлік министріне жолдаған депутаттық сауалында шалғай ауылдардағы халықты толғандырған бірқатар мәселесін атап, оны дамтыту жолдарына тоқталды.
– Атырау облысы Құрманғазы ауданының шалғай ауылдарында болып, халықты толғандырған мәселелермен жете танысып қайттым. Құрманғазылықтар үшін аудан елді мекендеріне кірме жолдар, ауылішілік жолдар салу, соның ішінде, Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу мәселесі өте өзекті.
Жоғарыда аталған аудандағы ауылдарға автокөлік жолын салуға қомақты қаражат қажет. Қазір оған облыстық әкімдіктің мүмкіндігі жоқ, себебі бюджетте қаржы тапшы. Биыл жергілікті бюджет қаражаты толықтай су тасқынынан бүлінген әлеуметтік нысандарды, инженерлік-инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруге, халыққа өтемақы төлеуге жұмсалды. Өңірге су тасқынының салдарын жоюға республикалық бюджеттен әзірге 4 млрд теңге ғана бөлінді. Оның өзі зардап шеккен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге жұмсалмақ, – деді депутат.
Ә.Жұбанов Президенттің шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, Құрманғазы ауданының экономикалық-инвестициялық, туристік әлеуетін ескеріп, республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуы қажет бірқатар ұсынысын жолдады.
Келесі бір «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Наталья Дементьева Тамара Босымбекқызына жолдаған депутаттық сауалында мектеп асханаларының жағдайы мәселесін көтерді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектеп оқушыларын, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге арналған бағдарламасын жергілікті атқарушы билік органдары жүзеге асыру барысында елеулі олқылықтар жіберіп отыр. Маңғыстау облысындағы болған жағдайға алаңдаулымыз. Премьер-Министр аталған оқиғаны өзінің бақылауына алып, мектеп асханаларында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. «AMANAT» партиясының фракция мүшелері тарапынан аталған мәселе үнемі көтеріліп келеді. Бірақ жауапты ведомство өкілдері де жергілікті атқарушы органдар да салғырттық танытуда, – деді депутат Н.Дементьева.
Депутаттық сауалында аталған мәселелерге қатысты Наталья Дементьева мектеп асханаларына жеткізілетін тағам өнімдерінің сапасы мен олардың жарамдылық мерзімін бақылауды қатаңдату қажет екенін атап өтті және осы салада монополияға жол бермес үшін мектептерге арналған тендерлерде ашықтық пен бәсекелестікті қамтамасыз ететін талаптарды күшейту туралы ұсыныс айтты.