«Ақжайықтың» ахуалы мәз емес

«Ақжайық» – БҚО-дағы жалғыз футбол клубы. Клубтың жартығасырлық тарихы бар. Респуб­ликалық лигаларда жеткен жетістігі де бір төбе. Талай аяқдоп шеберін шыңдаған үлкен спорт мектебі бұл.

«Ақжайық» клубынан түлеп ұшқан премьер-лига ойыншылары Руслан Валиулин, Еркін Тапалов, Батыр Мұқашев, Санжар Ерниязов секілді аяқдопшылар қазір ұлттық құрамада ойнап жүр. Бүгінде де командада бірде-бір легионер жоқ. Бірақ соңғы кездері футбол клубының басынан бағы тайып тұр. Ақжайықтың намысын қорғап жүрген футболшылар 9 айдан бері жалақысыз отыр. Ал футбол клубының өзі әне-міне банкрот деп танылуы мүмкін.

Бұл футбол клубы төрт жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген. Бұған дейін футбол спортына қазынадан 1 млрд теңге бөлініп келген. Бірақ екі жыл бұрын «Ақжайық» премьер-лигадан шығып қалған кезде депутаттар «миллиардтар желге ұшып жатыр» деп бюджетті 400 млн теңгеге дейін қысқартып тастады. Қаржының осынша қысқарып қалғанына сол кезде футболшылар қарсы шығып, біраз тулаған еді. Ал биыл спортшылар сол 400 млн теңгенің өзіне зар болып отыр. Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылдының кері дерсіз. Ал спорт бсқармасы биыл берілуге тиіс 400 млн теңгені бастапқыда тас­қынға кетті деді, кейін конкурс ережелері өзгеруіне байланысты қаржы беру кешеуілдеп жатыр деген-ді. 

Жергілікті билік түрлі сылтауды алға тартып, уәде еткен 400 млн теңгені бермей отыр. 100-ден астам қыз­меткер 9 ай бойына жалақысыз, ал балалар футбол командасы жарыссыз қалған. Клуб жазда спорт басқармасын сотқа берген еді. Сот шешімімен мелекеттік сатып алу конкурсы үшінші рет қайта жарияланды.

Биліктің уәде еткен қаржыны уақы­тында бермей, футболшылардың өзін әрі-бері допша «тепкеніне» наразы клуб жетекшілігі журналистерді жинап сұхбат берді. Біраз дүниені айтты.

– Егер футбол клубымыз жабылатын болса, өңірде үш жылға дейін кәсіби футбол клубы мүлдем болмайды. Қандай мақсатта, не себептен барлығы әкімдік болып, футболға қарсы шығып отырғанын білмеймін, біріншіден. Екіншіден, ел көріп отыр, шын мәнінде қолдау таппай отырмыз, – дейді «Ақжайық» ФК президенті Гүлдария Кауиева.

Футбол клубы конкурс өткізу үшін құжаттарды толықтырудың соңғы күніне де үлгермей қалған. Себебі футбол клубының құжаттары түгел болмай шық­­қан. Клуб басшы­лығы «Бұл – қаржы бермеудің сылтауы» десе, спорт басқармасы заң аясын­дағы талап екенін алға тартты.

– Оларда бір құжат жетпей тұр. Соны басқарма басшысы ретінде сіз бергізбей отырсыз, соны бізге беруге жәрдемдесуіңізді сұраймыз деген мәселе көтеріп отыр. Ол менің құзыретімде емес. Банкрот жасау, жабу деген мәселеге мемлекет априори қоя алмайды. Себебі бұл клуб – жеке клуб, – деді БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығматуллин.

«Қаржысыз қалған соң ойынымыз сүреңсіз болып, жеңілістен көз ашпадық» деп күйінеді бапкерлер. Белшеден қарызға батқан клубтың стадионы да жоқ. Әкімдік сенімгерлік басқаруға берілген бұл нысанды халықаралық стандартқа сай емес деп қайтарып алыпты. Жағдай өзгермесе, облыс намысын қорғап жүрген 52 жылдық тарихы бар клубтың құрдымға кетуі мүмкін, – дейді басшылары. 

– 4 жылдың ішінде 800 мил­лион өзімнің қалтамнан салынды. 20 шақты бапкеріміз қысқарды, 400 баламыз қысқарып қалды. Бапкерлеріміз бар, футболшыларымыз бар, 9 ай күтіп, қазір маған мүмкіндік беріп отыр, – дейді «Ақжайық» ФК президенті Гүлдария Кауиева.

Футбол клубында қаржының жоғы аздай, бұлардың лигага дайын­далатын орындары да жоқ болып шықты. Қазір БҚО футболшылары әр есікті бір қағып көмек сұрап жүр. Әлі күнге БҚО әкіміне кіре алмай отыр. 

– Жыл бойы жаттығу жасайтын жабық залдардың, яғни манеждің жоғынан футболшылар дұрыс дайындала алмайды. Бұған қажетті жабдықтардың жоғын, білікті бапкерлердің аздығын қосыңыз. Айта берсе, мәселе жетерлік. Биыл бюджеттен бөлінген қаражаттың 2022 жылмен салыстырғанда, үш есеге азайтылуы салдарынан негізгі құрамада балалар мен жасөспірімдер, қыздар командаларында қиындықтар туғаны жасырын емес. Яғни, аталған командалардың жас ерекшеліктеріне қарай өтетін ел чемпионаттарына толыққанды қатысуына бюджеттен берілетін қаржы жеткілікті есептелмеген. Салдарынан қаржы жетіспейді, оған қоса билеттер, қонақүйлердің және басқа көрсетілетін қызметтер бағасының қымбаттауы қолбайлау болып келеді», – дейді футбол клубының директоры Манарбек Ержанов.

Президент күні кешегі Жолдауында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ал БҚО-да білдей футбол клубы жабылудың аз-ақ алдында тұр. 

БҚО спорт басқармасының басшылығы футбол клубына тиісті қаржыны бөлуді неге созып келе жатқаны да түсініксіз. Басында футболға бөлінген қаржы су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмсалып кетті деген-ді. Кейін басқа да сылтаулар айта бастады. Ал жартығасырлық тарихы бар «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары 9 айдан бері жалақысыз отыр. Басын тауға да, тасқа да соққан аяқдопшылар енді кімге барып базынасын айтарын да білмейді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы