Қырғыз, өзбек, түрікменнің домбыра тектес музыкалық аспабының шығу тарихы

Кез келген музыкалық аспап өзінен-өзі пайда болмайды. Ертеден келе жатқан аңызы бар. Бұл аңыз көбіне миф ретінде жеткен. Десе де бұл миф сол халықтың өз ғұмырнамасы деп есептеледі.

Біздің туыстас түркі халықтарымен ортақ тарихымыз бар. Ортақ аңыз бен хикаямыз да ұқсас. Десе де өзгешеліктер жоқ емес. Бұл әсіресе, дәстүрлі музыка аспаптарының шығу тарихына үңілсек, анық байқалады. Бір ғана шертпелі (домбыра тектес) музыка аспаптарының түрлі аңызы бар. Бүгін сол аңыздарды қазақ тіліне аударып, оқырмандарымызға ұсынғымыз келіп отыр.

Қырғыздың қомызы

Әуелі Алатау асқан қырғыз ағайындардың қомыз аспабынан бастайық. Ел ішінде келесідей аңыз бар дейді. Қырғыздың ауылында ай десе аузы бар, күн десе көзі бар сұлу бір қыз тұрыпты. Күндердің күнінде ауыл маңынан бір жас жігіт өтіп бара жатып, сұлуды көреді. Өзі мерген аңшы болса да, қыз алдына келгенде тосылып қалады. Айтар сөз таппай, ауызына құм құйылады. Басын сипай-сипай бір бұлақ басына барып ойланады. Сол кезде бір ғажайып үн естиді. Жан-жағына қараса ешкім жоқ. Тек қалың қамыстың арасынан бірдеңе жыбырлайды. Дыбыс та сол жерден шығып тұр. 

Жақындап қараса ешкінің ішегі ілінген екен. Әбден кеуіп, жел соққаннан тербеліп, дыбыс беріп тұр. Аңшы жігіт ойланып, «бір жыртқыш ешкі сүйреп бара жатқанда, ішек-қарны ақтарылып қалса керек» деп топшылайды. Екі қолы шебер жігіт сол ішекті алып, жақын маңда өсіп тұрған өрік ағашы діңін көз жас тамшысы сияқты келтіріп ояды. Кейін дайын қалыпқа ішекті байлайды да қыз ауылына барады. Сол жасап шығарған аспабымен күй тартып, ән айтқан жігітке қыз да ғашық болып, үйлі болған екен дейді.

Түрікмендердің дутары

Түрікмендерде дутар атты музыкалық аспабы бар. Алғашқы күйшісі қой баққан шопан болған дейді. Аңыз бойынша күндердің күнінде шопанның бір отар қойы жоғалып, соны іздеуге шыққан екен. Біршама жерге алыстап кетіп, бір ауылға жетеді. Жақындап қараса бұл қарақшылар ауылы екен. Отар қойы да осы жерде жайылып жүр. «Біткен жерім осы, бас аман болғанда қайтайын» деп бұрыла бергенде, біреу желкесінен ұрып жібереді.

Есің жиса қалың қарақшының ортасында жатыр екен. «Неңді жоғалттың?» деген басшысының сұрағына шопан мән-жайын айтады. Басшысы қарқылдап күліп, бір қораның ішіне қамап қоюды бұйырады. Кейін әлгі отардан бір қойды алып, қора есігін ашып, «іздегенін осы болса, міне» деп қойдың ішін пышақпен қақ жарып, шопанға лақтырып жібереді. Ішек-қарын жан-жаққа шашырап қала береді. 

Бірнеше күн өтеді. Бір бұрышқа ілініп қалған қойдың ішегінен жел соқса дыбыс шыға бастайды. Шопан таң-тамаша. Қораның ішінде жатқан бір ұзынша ағашқа байлап, қолымен қағып көреді. Ішекті қаттырақ байласа дыбыс та өзгеретінін түсінеді. Осылайша бірнеше сағатта қолдың икеміне келтіріп алады.

Кешкісін ауыл күзеті өз басшысына бар жағдайды баяндап береді.  Басшы барып көрсе, қорадан шынымен де әсем әуен шығып жатыр екен. Шопанның өнеріне риза болып, өзін босатып, отарын да қайырып беріп, аман-есен ауылына дейін апарып тастаған дейді. Кейін бұл аспап түрікмендердің арасында дутар деп аталып кетсе керек.

Өзбектің дутары

Өзбек халқының дәстүрлі музыкалық аспаптарының бірі – дутар. Аңыз бойынша Әндіжанда өрік бағы бар екен. Көктем келіп, гүлдеп жатқан уақытта бақтың бір шетінде жалғыз тұт ағашы болса керек. Сол ағаш жан-жағына қызығып, қызғана қарайды екен. Басқа ағаштар жайқалып тұр, етегінде өсіп тұрған гүлдер де әсем. Бұның бәрі де тұт ағашы тамсаныпты. «Біздің де жайқалатын кезіміз келер» деп үмітін үзбепті.

Уақыты келгенде тұт ағашы да бүршік жарыпты. «Міне, менің де уақытым келді» дей бергенде, бағбан келіп, жібек құрттарына деп тұт ағаштың бұтақтарын кесіп алып кетеді.

Күз келгенде бағбан үңірейіп тұрған тұт ағашын көріп, отынға жарайды деп шауып алады. Ертеңінде бағбанның үйіне бір шебер келген екен. Ол музыкалық аспаптардың түр-түрін жасап жүрсе керек. Отынға деп қойған ағаштар ішінде, баяғы тұт ағашының діңін көріп, «Әй, досым, мен ағашты жақсы танитынымды білесің ғой, мынаны мен алып кетейін» дейді. Бағбан да сөзге келмейді.

Бірнеше күннен кейін шебер ойланып, тұт ағашын ойып-ойып, оған жібек жіптерін тағады. Сол күннен бастап өзбектің дутары дүниеге келсе керек.

Алтай халықтарының топшуур аспабы

Діні бөлек болса да, түбіміз бір Алтай халықтарында да топшуур дейтін домбыра тектес музыка аспабы бар. Өздерінің айтуынша, алғашқы топшуурды тауда қалған ізден жасап алса керек. Ал ол із қалуының аңызы да бар.

Ертеде Алтайда екі батыр өмір сүріпті. Екеуі екі түрлі тауды мекен етіпті. Арасын ағыны қатты өзен бөліп тұрған. Біреуінің тауы биіктеу екен. Сондықтан аласа таудағысы әрдайым қызғанышпен қараса керек. Сол үшін әр кез жанжалдасып тұрыпты. 

Күндердің күнінде екеуі ортақ мәмілеге келіп, «екі тау арасынан көпір салайық, араласып тұрғанымыз өзімізге жақсы, ал биік таудың иесін  анықтау үшін бір шарт жасасайық» деп келіседі. Шарт бойынша, қайсы бірінші сөйлеп қойса, сол ұтылатын болады. 

Көпір салынып бітуге шақ қалғанда, қалың ну арасынан бір әйелдің дауысы шығады. Ол күй тартып, ән салып отырған екен. Әйелдің дауысына тамсанып, үн шығармау шартып ұмытып, бір батыр «Әсем дауысын-ай» деп қойыпты. Сол кезде ұтылғанын бір-ақ сезеді де «әйтеуір ұтылдым ғой, мына сұлу кім болды екен?» деп қалың ағаш арасына ұмтылады. Әйелге жақындай бергенде ауа райы кілт бұзылып, найзағай ойнай бастайды. Әйел де орнынан тұрып, қолындағы музыка аспабын жартасқа бір ұрып, ғайып болып кетеді.

Кейінгі Алтайға келген жұрт осы жартастағы ізді көріп, соған ұқсатып жаңа музыка аспабын жасап шығарған дейді. Аспаптың атын өз тілдерінде «ұру» және «шерту» сөздерін қосып, топшуур деп атап кеткен екен.

Бұған дейін музыкалық аспаптың шығу тарихы жайында «Жетігенде қазір неге жиырмадан астам ішек бар?» деген мақаланы жариялаған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, күйші