АЭС: Дәрігерлер жобаны қолдайды

АЭС салуды қолдайтын дәрігерлер энергия тапшылығын шешу керегін әрі экологиялық таза энергия көздерін дамытудың маңызды екенін айтады.

"AMANAT" партиясының атсалысуымен құрылған Халықтық штабтың жиыны әр жерде жалғастырып жатыр. Сондай кездесудің бірі Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада өтті. Қазақстанда салынатын атом электр станциясы туралы әртүрлі пікір бар. Дәрігерлердің көзқарасы да осы талқылаудың маңызды бөлігі екені анық. Осы тақырыпты Халықтық штаб мүшелері Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының қызметкерлерімен бірге талқылады,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

АЭС салуды қолдайтын дәрігерлер энергия тапшылығын шешу керегін әрі экологиялық таза энергия көздерін дамытудың маңызды екенін айтады. Олар ядролық энергияның көміртегі шығарындылары азайып, экологиялық тұрғыдан тиімді энергия көзі болғанын қалайды. АЭС ауа ластануын төмендетуге көмектеседі, ал таза ауа көптеген аурудың алдын алады.

«Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талабына жауап беретін жаңа буын III немесе III + атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Сондықтан да қауіпсіздік бойынша үрейленуге негіз жоқ деуге болады. Біз экономикасы қуатты, заманауи медицинасы бар, дамыған елде тұруды қаласақ, онда 6 қазанда референдумға келіп, нық сеніммен АЭС салуды қолдауымыз керек. АЭС төңірегіндегі түрлі жалған ақпараттар мен мифтерді сейілтуіміз қажет», – деді Халықтық штаб мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тойлыбаева. 

Қазақстанда АЭС салу атом индустриясын дамыту үшін және тұтастай алғанда бүкіл экономика үшін мүмкіндік ашады.

«Алматы облысында АЭС салу өңірді тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ете отырып, бұл тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады. Сейсмикалық қауіпсіздік, су қоймасының орналасуы, желілер  мәселесі міндетті түрде ескеріледі. 2023 жылдың күзінде МАГАТЭ мамандары Балқаш көлінің маңында АЭС құрылысына кедергі келтіретін факторлар жоқ екенін растады», – деп атап өтті облыстық мәслихат депутаты, Халықтық штаб мүшесі Римма Салықова.  

Қуат тапшылығы – жаһандық сипаттағы өзекті мәселе. АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу – энергетикалық кешенді дамыту бағытын таңдау. Біздің ортақ шешіміміз мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына ықпал етеді.