Белгілі болғандай, Бәйтерек ауданына қарасты Красноармейское, Чеботарева деген ауылдарға ауызсу жүргізу керек болған. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Бір қызығы, осы ауылдарға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары бітпей жатып Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі қомақты қаржыны аударып жіберген.
– Бәйтерек ауданының құрылыс бөлімі Engineering and construction group ЖШС-ға Красноармейское, Чеботарева ауылдарына су құбыры салынды деп, жұмыстарды іс жүзінде емес қағаз жүзінде қабылдап, шарттың жалпы сомасының 99 пайызын, яғни бюджет қаражатының 142 млн теңгесін негізсіз аударып жіберген. Алайда екі ауылдың су құбырлары әлі күнге дейін қолдануға берілмеген, – деп атап өтті БҚО ревизиялық комиссия мүшесі Қайрат Жапақов.
Көріп тұрғандарыңыздай, ауданның құрылыс бөлімі жоқ дүниені бар деп көрсетіп, бюджет қаржысын аударған. Біз материалды дайындау барысында Красноармейское ауылына хабарласып, бір тұрғынмен сөйлестік. Мақсатымыз – ауылға су барған-бармағанын анықтау. Себебі ревизиялық комиссия тексерісті маусым айында жүргізген. Содан бері ауылға су барып қалған шығар деп үміттенгенбіз. Онымыз бекер болыпты. Ауыл халқы әлі сусыз отыр. Содан бұл қалай болды деп Бәйтерек ауданының құрылыс бөліміне хат жолдадық.
– Бәйтерек ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен 2022 жылы Жаңатаң ауылын, 2023 жылы Красноармейское, Чеботарева ауылдарын сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Жаңатаң, Чеботарева ауылдарына ауызсу берілді, тұрғындар ауызсу пайдалануда. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары 98 пайызға аяқталып тұр. Красноармейское ауылы бойынша бүгінге дейін ауылға су берілген жоқ. Ұзақ созылып кетудің бір себебі көктемгі су тасқыны әсер етті. Су тасқынынан насостық құрылғылар, су ұңғымалары істен шықты. Аудит тексерісі кезінде былтыр актімен қабылданған кейбір құрылғылар нысан басында орнатылмады. Себебі нысан толықтай қолданысқа берілмегендіктен, ұрлап кетуден сақтау үшін уақытша мердігердің қоймасында сақтадық, – деген тілдей жауап хат келді Бәйтерек аудандық құрылыс бөлімінен.
Бізге тексеру комиссиясының қорытындысын айтып берген Қайрат Жапақовтың айтуынша, жалпы осындай құрылыс жұмыстары кезінде құжат бойынша қымбат құрылғыларды жазып, іс жүзінде арзан құрылғыларды орнату фактілері жиі кездесетін көрінеді. Бұл да бюджет қаржысынан бірдеңе жымқырып қалу үшін жасалатын түрлі қитұрқы әрекеттер болса керек.
Біздің шенеуніктер қаржыны жалған актілерге қол қойып, аударып отырғаны аздай көпе-көрінеу құжаттар жасап, құрылыс жұмыстарына рұқсат бере беретіні де анықталыпты.
– Орал қаласының Самал шағынауданында кәріз желілерінің құрылысы жұмыстарын орындау барысында «Жайық Сити» ЖШС-ға 33,7 млн теңгеге негізсіз төлем жасаған. Бұдан бөлек, Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтауға арналған көтергіш сорғы стансасын салу жұмыстарын орындау барысында «Көлсай Строй» ЖШС-ға 3,1 млн теңгеге негізсіз төлем жасаған, аталған құрылыс объектісінің құрылыс жұмыстары бітпей жатып техникалық қадағалау қызметі үшін «Музтау» ЖШС-ға 1,3 млн теңге, авторлық қадағалау қызметі үшін Smartech ЖШС-ға 479,4 мың теңге 100% келісімшарт сомасы толықтай төленіп отыр, – дейді облыстық ревизиялық комиисия мүшесі Қайрат Жапақов.
Ақша төленгені бір бөлек, «енді сол жұмыстар аяқталды ма?» деген сұрақ шығады тағы да. Өкінішке қарай, жауап қуантпай отыр. Облыстық ревизиялық комиссия мүшесі Қайрат Жапақовтың айтуынша, «Орал қаласының Самал шағынауданында кәріз желілерінің құрылысы аяқталды» деген актіге 2022 жылдың желтоқсан айында қол қойылып, төлем жасаған. Алайда жұмыс актілерінде көрсетілген жұмыстар геодезиялық құрылыс торын бөлу жұмыстары, жер жұмыстары, құбырларды төсеу жұмыстары орындалмаған. Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігін сумен жабдықтауға арналған көтергіш сорғы стансасын салу нысаны бойынша 2021 жылғы қараша айында орындалған жұмыстар актілерінде көрсетілген абаттандыру жұмыстары әлі орындалмапты. Ал оның қаржысын мердігер 2021 жылы алып алған.
Оқиға былай болған. Ақжайық ауданының құрылыс бөлімі «Ақсуат ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасаймыз» деген шешім шығарады. Сол жердегі басшылардың бірі кабинеттен шығып, сол ауылдағы Мәдениет үйін бір көріп келсе болар еді ғой. Жоқ, олар олай етпеген. Кабинетте, жылы жерде отырып, мемлекеттік сатып алулар арқылы мердігерді анықтап, оған «сен Ақсуат ауылындағы мәдениет үйіне жөндеу жүргіз» деп 2022 жылдың қыркүйек айында 25,4 млн теңге аванс төлепті. Содан әлгі мердігер құрылысшыларды жинап алып, ауылдағы Мәдениет үйінің төбесін ашу жұмыстарын бастап кетеді. Сөйтсе, саман тастан салынған Мәдениет үйінің қабырғасы опырылып ортасына түсіпті. Шамасы әбден тозып, тасы үгітіліп тұрса керек.
– Біздің кейбір басшылар құжатқа тек кабинетте отырып қол қоя салады. Құрылыс басына бармайды. Ақсуат кентіндегі ауылдық Мәдениет үйі ғимаратын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін 91 млн теңгеге шарт жасалған. Заң бойынша саман тастан салынған ешбір нысанға күрделі жөндеу жүргізуге болмайды. Ол тек апатты деп танылып, сүрілуі тиіс. Орнына жаңа ғимарат салынуы керек. Қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу мүмкін болмағандықтан жұмыс тоқтатылған, 2023 жылдың тамыз айында мердігер 19,9 млн теңгені бюджетке қайтарған. Бұл бюджет қаражатын 95,6 млн теңгеге тиімсіз жоспарлауға және Ұлттық қордан қаражатты негізсіз бөлуге алып келген, – дейді облыстық ревизиялық комиссия мүшесі Қайрат Жапақов.
Енді басты сұрақ: Осы олқылықтардың бәрін осылай жылы күйінде жауып қоямыз ба? Тиісті мекемелер неге уақытында тексеріс жүргізбеген?
– Біз жоғарыда аталған фактілер бойынша тиісті мекемелер – Прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хат жолдадық. Енді істі солар қарайды. Бұдан бөлек, аудит барысында әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 6 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданды, – деп жауап қайтарды Қ.Жапақов.
Жасалмаған жұмыстарға қаржы аудару, құрылыс аяқталды деп жалған құжатқа қол қоюдың артында жемқорлық әрекеттері тұрған жоқ па? Мердігер компанияға екі ауылға су тартылды деп 142 млн теңге қаржыны оп-оңай аударып жіберу мүмкін бе? Сұрақ көп, ал бұл сұрақтарға ревизиялық комиссия жауап бере алмады. Бұл жерде жемқорлық фактісі бар-жоғын енді тек Экономикалық тергеп-тексеру департаменті анықтайды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы