Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жұбайымен бірге Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумда дауыс берді.
Ақтөбеде 175 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр
275
оқылды

Таңертеңгі сағат 9-да сайлау учаскесіне қала әкімі Азамат Бекет жұбайымен бірге келді. Олар Тургенев көшесіндегі №30 орта мектепте орналасқан №46 сайлау учаскесінде дауыс берді. Қала басшысы ақтөбеліктер республикалық референдумда бірлікті көрсетіп, өз таңдауын жасайтынына сенім білдірді.

«Қала бойынша 343 000 сайлаушы бар, бүгін 175 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Барлығы талапқа сай жабдықталған. Тұрғындардың келіп дауыс беруіне ешқандай кедергі жоқ. Еліміздің болашағы үшін дауыс беруді азаматтық борышым деп білемін. Сондықтан қала тұрғындарын референдумға қатысып, белсенділік танытуға шақырамын. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын ата-әжелеріміз таңғы сағат  07.00-де келіп өз таңдауын жасап жатыр, жастарымыз да белсенді. Референдум  еліміз үшін маңызды шара. Алдымызда үлкен оң өзгерістер күтіп тұр. Сондықтан бүгінгі шарада еліміздің әрбір азаматының даусы маңызды. Мен Ақтөбе жұрты ауызбіршілік танытады, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Қала учаскелерінде бүгін 1 418 комиссия мүшесі жұмыс істеп жатыр. Таңнан бастап аяғынан тік тұрып, жұмысқа кіріскен барлық комиссия мүшелеріне алғысымды айтамын»,  деді Азамат Бекет.

Сондай-ақ бүгін қаланың референдум учаскелерінде шағын жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қала әкімі жәрмеңкеден өнім сатып алып, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетті. №46 референдум учаскесінде тіркелген сайлаушылар саны  2 007. Бірінші рет дауыс берушілер – 21. Ал 20 адам үйден дауыс береді. Комиссия мүшелері оларға сағат 12.00-де барады. №46 референдум учаскесінің төрағасы Айман Жанғасиева сайлаушылардың қатысу белсенділігі жоғары екенін атап өтті. 

«Қала тұрғындары таңертеңнен жақсы келіп жатыр. Екі сағат ішінде 100-ге жуық адам дауыс берді. Бұл дауыс беру процесін 5 бақылаушы қадағалап отыр. Комиссия мүшелері өте үйлесімді жұмыс істеуде, ешқандай заңбұзушылық әрекет тіркелген жоқ»,  деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Ақтөбеде сағат 07.00-де 175 сайлау учаскесі ашылды. Қаланың 343 000 тұрғыны дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде 1 650 адам үйден дауыс береді. Алғаш рет дауыс беретін жастардың саны  5 419.