Төретам кенті – Ресей жалдап отырған Байқоңыр қаласымен іргелес қоныстанған елді мекен.
Қоқысқа толған Төретам
1,357
оқылды

Жұлдызды қалашықпен жапсарлас қоныстанған осы ауыл халқы талай жылдан бері ғарыш айлағынан көкке самғаған зымырандардың зардабын өзгелерден бұрын сезініп келеді. Әсіресе, адам ағзасына зардабы зор зиянды қалдықтардан қалай құтыларын білмей, алаңдаушылықпен күн кешіп отыр.

Бүгінде кентте қордаланған мәселелер рет-ретімен шешіліп келеді. Дейтұрғанмен, түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де аз емес. Соның ішінде 2 000-нан астам үй түтін түтетіп отырған кент халқы көп жылдан бері ғарыш айлағына қарасты 9-алаңның қоқысынан жапа шегіп отырғанын айтып, ашынады. Қоқыс толған алаңның қоршаған ортаға зияны орасан екенін айтқан кент халқының көңілі күпті. Түйткіл төңірегінде жергілікті әкімдікке сан мәрте айтқанымен еш нәтиже болмай тұрғанына ашынып отыр. 

Не санитарлық, не экологиялық нормаға сай келмейтін қоқыс орнынан арылуға жергілікті әкімдік неге асықпай отырғанын көпшілік түсінбей дал. Онсыз да Байқоңырдан келер кесірден арыла алмай отырған жамағат енді қоқыстағы зиянды қалдықтар таза ауаны ластап жатыр деп шырылдап отыр. 

Жалпы, қоқысқа толы 9-алаң Байқоңыр ғарыш айлағының бір бөлшегі саналады. Бұл шағын қалашықта бір кездері әскери казармалар, шағын өндіріс орындары жұмыс істеген. Сол уақытта қалашықтың дәурені дүркіреп тұрды. 

Кеңес үкіметі құлаған тұста тоқырау кезеңі басталып, әскерилер үдере көшті. Соның салдарынан қалашық қаңырап бос қалды. Бұл жер еліміздің меншігіне өткенімен бос қалған ғимараттарды тиімді игеріп кете алмаған. Уақыт өте келе казармалар мен өндіріс орындары бұзылып, құрылыс материалдары талан-таражға түскен. Бұл сонау 90-шы жылдары болған жағдай. 

Содан қалған үйінді бүгінде үлкен қоқыс алаңына айналған көрінеді. Сол кезден бермен қарай қаншама жыл артта қалса да, тұрғылықты халық қалашықты қоқыстан тазарттыра алмай әлек. Төретам кенті мен Ақай елді мекені аумағына жақын орналасқан алаңның күйіне алаңдаушылықпен күн кешіп келеді.

«Қараусыз қалған бұл алаң жайында тиісті орындарға жиі-жиі айтылып келеді. Жергілікті әкімдіктен бастап бұл орынды білмей, көрмей отыр деп айта алмаймыз. Ахуалдың асқынып тұрғаны бәріне мәлім. Алайда қандай да бір әрекет жасауға асығар емес. Ең бергісі, осы 9-алаң арқылы өтетін Төретам кенті мен Ақай елді мекенін жалғайтын тасжолдың да күйі қашып тұрған еді. Бұл жолдың жайы да талай жыл жыр болды. Бертін келе сол жолды ауыл жастары бірігіп, жамап-жасқап, қалпына келтіріп қойды. Ал қоқысқа толған қалашық сол күйінше әлі де қараусыз жатыр. Тиісті орындарға осы түйткіл төңірегінде тарқатып айта бастасақ, қалашықты қоқыстан тазарту қыруар қаржыны талап ететіні тілге тиек болады. Бұл құрылыс қалдықтарына көмілген алаңның артында қаншама гектар игерусіз жер жатқанын ешкім қаперге алып отырған жоқ», – деп ашынады сол аумақ тұрғыны Күләш Сейілбаева. 

Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентінің жағдайы онсыз да мәз емес. Көк аспанды шұрқ-тесік қылған зымырандардың әсерінен жер-ана жеміс бермейді. Тек азын-аулақ мал бағып, күнкөріс қамын күйттеп отырған санаулы отбасы бар. Оның да жем-шөбі тығырыққа тірейді. Қалғандары «Екі қолға бір күрек» дегендей, күйбең тірліктің ізінде күнкөріс қамын күйттеп жүр. 

«Бұған дейін Байқоңырмен іргелес қоныстанған Төретам мен Ақай елді мекенін көгілдір отынға қосу ісі жыр болғаны белгілі. Газдандыру жұмыстары түрлі себеппен кешеуілдеп, елдің наразылығын туғызған болатын. Дейтұрғанмен, 1 жылдан астам уақытқа созылған құрылыс аяқталып, ел көгілдір отынның игілігін көре бастады. Кеш болса да сәтті аяқталған газдандыру жобасына тұрғындар шүкіршілік етіп отыр. Сондай-ақ кент ішіндегі қоқыс полигонына қатысты түйткілдің де түйіні тарқатылды. Ендігі кезекте Байқоңырдағы Қазақстан азаматтарының құқы, қымбатшылық құрсауында қалған халықтың зары мен осы 9-алаңдағы қоқыс мәселесі шешімін күтіп тұр. Бұл мәселені шешуге білек сыбана кірісетін күн туған шығар деп ойлаймын», – деп ойын сабақтады ауыл тұрғыны. 

Бұл мәселе Төретам ғана емес, Байқоңыр қаласында тұратын қазақтардың да бас ауруына айналып отыр. Соның ішінде ел меншігіне өткен орындарды тиімді мақсатта игере алмай, талан-таражға түсіретін жағдай жиі болып жататынын айтады. 

Сонымен қатар жылуға қатысты түйткіл де жыл артына жыл салып, жалғасып келеді екен. Халықтың пікіріне сәйкес, басты мәселе – мазут отынына келіп тіреледі. Тұрғындардың айтуынша, Байқоңырдағы Ресей өкілеттігі тарапынан Қазақстанның газын пайдаланып отырғанымен, «Ресейден мазут алдырып отырмыз» деген желеумен қымбат тарифпен, ай сайынғы төлемақы алып отырғанын алға тартады. Бұл мәселе де ел билігі тарапынан оңтайлы шешілгенін қалайды. 

Онсыз да қымбатшылықтың құрсауында отырған байқоңырлықтар мен зымырандардың зардабын өзгелерден бұрын сезінетін төретамдықтардың талабы жалғыз. Елдің талап-тілегі ескеріліп, қалашық қоқыстан тазартылғанын қалайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы