Қызылорда облысындағы «Аққыр» каналын қазуға 539 миллион теңге қаржы қажет – Мұрат Ергешбаев

Қызылорда облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасының негізі болуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, өнімділікті арттыру және дақылдарды әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асыру туралы тапсырма берген болатын. Осы ретте депутат Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысындағы  ауыл шарушылығы мәселелері жөнінде айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәжіліс депутатының айтуынша, Қызылорда облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады, сол себептен халықтың тұрмыс жағдайы сумен тікелей байланысты. Сондай-ақ  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуі мен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты.

«Осы ретте, облыс аумағындағы елді мекендердің аяқсумен қамтамасыз етілуін және экологиялық жағдайын жақсарту үшін 2023 жылы «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысы жобасы әзірленіп, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылады. Жобаның жалпы құны – 560 млн теңгені құрайды. 

Жоба жүзеге асқан жағдайда Аққыр ауылдық округіндегі аяқсу мәселесі толығымен шешімін тауып, 500 гектар суармалы жерге бау-бақша дақылдарын егуге, мал жайылым   және шабындық жерлерді суаруға қол жеткізіліп, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы күтілуде. Сондықтан «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысына» 539 млн теңге қаржы қажет. 

Екінші мәселе өңірдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту бағыты аясында.

Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ауылдық аумақтарды дамыту мәселесін көтеріп, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін мектептер, ауруханалар және суға қол жеткізуге тапсырма берген.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысын жүргізуге 2024 жылы РБ барлығы – 361 719 мың теңге қаржы бөлінген. Бүгінде жобалардың құрылысына қаралған қаржылар толық игерілген және құрылыс салушы мекемелер есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстары 70-90% аралығында орындалған. Жобалардың құрылысын аяқтауға – 1 418 792 мың теңге қажет», – деп нақтылады депутат.

Ергешбаев Президенттің  өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауыл халқының табысын арттыруға бағытталғанын айтып, жобаның тиімділігін жоғары бағалап, мемлекет фермерлерге, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігін атап өткенін еске салды. 

«Сондай-ақ  өзіңіздің басшылығыңызбен  «Ауыл аманаты»  бағдарламасының 2024 жылға арналған жоспарларын Үкіметте талқылау барысында  қаражатты бөлу кезінде әр ауданның ерекшеліктерін ескеріп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға назар аудару керек дедіңіз. 

Құрметті Тамара Босымбекқызы! Қызылорда облысында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығымен айналысудың қолайсыздығын  ескере отырып, көтеріп отырған мәселелерді жан-жақты зерттеп, қолдауыңызды сұраймын», – деп түйіндеді депутат.