Алаяқтықтан жапа шеккендердің саны артпаса, азаяр емес. Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті 24 қаржылық пирамиданың жолын кескен. Жалпы, алданғандар саны 3 мың адамнан асқан.
Алаяқтар айылын жияр емес
361
оқылды

Атышулы ресейлік әйгілі алаяқ Сергей Мавро­дидің «МММ» компаниясы тоқырау уақыты 90 жыл­дары құрылған қаржы пирамидасына 15 мил­лион адам ақша салыпты. Олардың арасында қара­пайым жұмыскермен қатар жоғары шенді мем­лекеттік қызметкер, қылмыс әлемінің серкелері де бол­ған екен. Тіпті, «МММ»-нің акциялары руб­ль­мен қатар айналымға түсіп, мемлекеттің тұтас­ты­ғына қауіп төндірген де кездер болған.

Кейін әлгі алаяқ ұсталып, ұзақ жылға түрмеге қа­­­малды. Жазасын өтеп шыққан соң «МММ-2», «МММ-3» компанияларын құрады, салымшы жи­нады. Дегенмен қазақта «ауызы күйген үрлеп ішеді» де­ген болушы еді. Алайда Мавродий кеткенімен із­басарлары жолын жалғастырып, әлі күнге дейін ха­лықты сан соқтыруда.

Маңдай терімен тапқанын алаяқтың қолына са­нап берудің салдарын Қарағанды облы­сында бір­неше қаржылық пирамиданың өмір сүр­генін бай­қай­сың. 

Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тер­геу департаменті басшысының орынбасары Ернар Махаев:

 – Қаржы пирамидасын құру және оның қыз­ме­тіне басшылық ету – бұл халықтың мүддесі мен құ­қықтарына, сондай-ақ мемлекеттік биліктің бе­де­ліне әсер ететін ең күрделі қылмыстық құқық­бұзу­шылықтардың бірі. Қаржы пирамидасы – тиім­ді инвестицияларды имитациялайтын алаяқтық жо­ба. Қаражат ақша салып қана қоймай, өзімен бір­ге басқа адамдарды да тартатындардың есебінен тү­сіп тұрады. Бұл ретте пирамиданың жоғарғы жа­ғын­дағылар шынымен табыс таба алады. Ал соңы­нан келгендер аңғалдықпен ақшаларын салып, ал­да­нып қала береді, – дейді.

Бүгінде қаржы пирамидаларын құру мен бас­қаруға қатысты 12 іс сотқа жолданған. Сон­дай-ақ интернет кеңістігінің мониторингі көмегімен қаржылық пирамида белгілері бар бір жарым мыңнан астам сілтеме анықталып, оның 1 187-сі қазірдің өзінде бұғатталған.

Жоғарыда облыстың Экономикалық тергеу де­партаменті 24 қаржы пирамидасын бейтарап­тан­дырды деп айтқан болатынбыз. Олардың қатарында QI Trade Kazakhstan, «Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС, Finiko, Sincere Systems Group, Business Game ин­тернет жобалары, «Не работа», «Котел» жоба­лары, «Тендер», Bay Life, Millioner777, Life is Good, «Луч света», The Great Tower, «Рассвет и Мил­лио­неры», «Люкс», «Өзіміз ғой, Арай», Faberlic, «До­ве­рие», Amanat Home, «Елім-ай 2019», GAP, «Та­быс» сияқты ұйымдар бар.

Бір ғана жақында соты болған Life is Good қа­р­жылық инвестициялық пирамиданың ұйымдас­тырушысы 30 салымшының 108 млн 780 мың теңгесін қалтасына басқан.

коллаж: Елдар ҚАБА

«Лидер Капитал 168» МҚҰ ЖШС филиалдарын ашып, осы қаржы пирамидасын басқарған И.Яков­лева өзінің қылмыстық әрекеттерімен жәбірлену­шілерге 180 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Ернар Махаевтың айтуынша, дәл осы алаяқ ұйымдарға алданған салымшылар саны үш мыңнан асса, оның бір мыңнан астамы – облыс тұрғындары. 

– Биыл қаржы пирамидаларын құрған алаяқ­тарға қатысты төрт үкім шықты. Атап айтқанда, «Лидер Капитал» пирамидасын құрған адам 9 жылға, «Тендер» пирамидасы бойынша бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Ал WhatsApp желісі және Telegram арналары арқылы халықтың ақшасын жинаған екі адамға 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім шығарылды, – дейді Ернар Махаев. 

Ескертуді ескергеннің ұпайы түгел Қарағанды об­лысы бойынша Экономикалық тергеу де­пар­таменті жүргізіліп жатқан жедел іс-шаралармен қатар, профилактикалық жұмыстармен де айна­лысады. Атап айтқанда, интернет-кеңістікке мо­ниторинг жүргізеді. Мәселен, биыл қаржы пира­мидаларының белгілері бар 1 312 сілтеме анық­талған. Оның 1 097-сі бұғатталса, 137 сілтемемен жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек, департамент бұқаралық ақпарат құралдарында да тұрғындарды қаржы пирамидаларына тарту фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар ұйымдастырған. 

Айта кету керек, қаржы пирамидасында лицен­зия болмайды. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Наталья Кирсанова заманауи қаржы пи­рамидалары өздерін табысты ұйым ретінде көр­сетіп, өздерін микроқаржы ұйымы, букмекерлік кең­се, инвестициялық қор, тұтынушы кооператив­тері­міз деп жарнамалауы мүмкіндігін айтады. 

– Бүгінде қаржы пирамидалары жұмыстарын әлеуметтік желіде белсенді жүргізуде. Танымал мес­сенджерлерде чаттар құрып, түрлі ұтыс ойын­дары­мен қызықтырады. Жылдам ақша табумен қызық­тыратын алаяқтар қажетті соманы жинап алғаннан соң өз қызметтерін тоқтатып, тұтынушылармен кері байланысты мүлдем үзеді, – дейді Наталья Кир­са­нова. 

Алаяқтықтың тұзағына түспес үшін халыққа ай­тылып та жатыр, жазылуда. Бірақ, жарнамасы жер жарғандардың арбауына түскендер азаймауда. 

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі ұйымдарда қаржылық пирамида белгілері мен алаяқтықты тек­серуге бағытталған «Байқа, пирамида!» телеграм­малық ботын да енгізді. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы