Астанада ер адам жалға алған пәтерінен теледидар ұрлап кеткен

Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.

Астана қаласында ер адам жалға алған пәтерінен теледидар ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұра ауданының криминалдық полиция қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы ер адамды анықтады. Тергеу барысында оның сол жақ жағалаудағы тұрғын үйден пәтерді жалға алғаны анықталды.

– Үй иесімен келіскен мерзімнен бірнеше күн бұрын пәтерді босатып, өзімен бірге Samsung теледидарын ала кеткен.

Осылайша, 400 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Тұрмыстық техниканың жоғалғанын білген пәтер иесі полицияға хабарласқан, – делінген хабарламада. 

Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның осыған ұқсас бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.