Түнде Алматы облысының Талғар қаласында қаза тапқан Шерзаттың туыстарына тиесілі үй өртенгені туралы хабар тарады.
Шерзаттың қазасы: Алматы облысында марқұмның отбасына тиесілі үй өртеніп кетті
867
оқылды

Қоғам белсендісі Саида Тәукелова желідегі парақшасында өрт сөндіру қызметінің жедел әрекетіне қарамастан, бүкіл үй жанып кеткенін мәлімдеді, - деп жазады Aikyn.kz.

"Бұл соққы қара жамылып отырған отбасына ауыр тиіп жатыр. Тосын оқиға отбасы әділдік пен баласының құқығын қорғау үшін күресіп жатқан кезде орын алды. Барлық балалар мен ересектер ата-анасының үйінде болған және бұл өрт тек үйді шарпыды... Дегенмен, мен өрт қойғандардың ниеті қандай болғанын елестетуден де қорқамын", - делінген жазбада.

Оның дерегінше, бұл тілсіз жаудың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарының қылмыспен күрес және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмысын күшейту қажеттігі туралы соңғы мәлімдемелеріне қарамастан, орын алуы алаңдатады. Ол «өсіп жатқан сын-қатерлер жағдайында құқық қорғау жүйесі азаматтарды зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың кез келген көріністерінен қорғай отырып, батыл және шұғыл әрекет етуі керек» деп еді.

"Өрт қою жай ғана бұзақылық әрекет емес, бұл жедел және жан-жақты тергеуді қажет ететін айқын қылмыс!

Мен отбасына көңіл айтамын..... Олардың қауіпсіздігі мен құқықтары қазіргі уақытта біздің басты міндетіміз екенін есте ұстаған жөн және біз кінәлілердің табылып, жауапқа тартылуы үшін бар күшімізді саламыз.

Өрт қою – жай ғана мүлікті жою емес, бұл қорқыту және адамдардың өз үйімен байланысын үзу әрекеті, қорғаныс символы. Біз мұндай жабайы әрекеттердің жазасыз қалуына жол бермейміз.

Біздің күш құрылымдарының осы заңсыздықтарымен күресуіңізді сұраймын! Барлық зардап шеккендердің тәулік бойы қауіпсіздігі қамтамасыз етілсін!", - деп жазды қоғам белсендісі.

Ішкі істер министрлігі оқыс оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

"Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Полицейлер бөтеннің мүлкін қасақана жоюға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілуде.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен оқиғаға себеп болуы мүмкін жағдайлар анықталуда", - деп жазды ведомстводан.

Айта кетейік, Талғарда төбелес салдарынан қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов жақында қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.

"Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митинг, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасау үшін сондай болуы мүмкін. Сол себепті халқым, өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс емес, өз қағидам: заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазбаға, суреттер, фотоларға сенбеңіздер. Кім келсе де, қандай жағдай болсын, сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады", – деген еді Қаржаубай Нұрымов.