Жүргізілген мониторинг барысында өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-не бір ЖШС негізгі жеткізуші болғаны анықталды.
Павлодарлық балабақшаларға азық өнімдері 300 пайыз қымбатқа жеткізіліп тұрған
Фото: pexels.com
643
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті. Жүргізілген мониторинг барысында өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-не бір ЖШС негізгі жеткізуші болғаны анықталды,   деп хабарлайды Aikyn.kz.

Павлодарлық балабақшаларға азық өнімдері 300 пайыз қымбатқа жеткізіліп тұрған.

 Мектепке дейінгі мекемелермен (балабақшалармен) жасалған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан әлеуметтік маңызға ие тауарлардың (ӘМАТ) түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы келесідей болған: күнбағыс майы  286% үстемеақымен (453 теңгеден 1 300 теңгеге дейін), қарақұмық жармасы 150% (240 тг/кг-нан 600 тг/кг дейін), қант  93% (325 тг/кг-нан 630 тг/кг дейін), тауық жұмыртқасы 79% (430 тг/онд-тан 770 тг/онд дейін), тұз 66% (60 тг/кг-нан 100 тг/кг дейін), күріш  36% (490 тг/кг-нан 670 тг/кг дейін), сарымай  22% (2075 тг/кг-нан 2550 тг/кг дейін).

Агенттік қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде ӘМАТ жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісімшарттар жасасу мәселесі қаралып жатыр. Осылайша, үнемделген қаражат сомасы 30 млн теңгені құрады, деп хабарлады ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.

ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде Агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізіп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.