Батыс Қазақстан облысында Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғынын балағаттағаны үшін жауапқа тартылды. Бұл мәселе әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды, - деп хабарлайды Aikyn.kz mgorod.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, әкім мен ауыл тұрғынының арасында кикілжің туып, жанжал барысында шенеунік тұрғынға балағат сөздер айтқан. Әкім өз кінәсін мойындады. Бұл оқиға 1 қыркүйек күні ауыл әкімі мектептегі жиыннан қайтып келе жатқанда болған.
- Маған ауыл арасында шөп тиеген жүк көлігі жүргені жөнінде ақпарат түсті. Бұған дейін ауыл тұрғындары жаңа асфальтті бүлдірмес үшін жүк көліктерін ауыл арасында жүргізбеуімді сұраған болатын. Соған байланысты, тіпті, шлагбаум мен жол белгілерін орнаттық. Жүк көліктеріне арнап айналма жол салдық. Соған қарамастан, жүк көлігі ауыл арасымен жүріп өткен. Ол малға шөп әкеліп, 7 мың теңгеге арзанға сатыпты. Бұл ауыл тұрғындары үшін қолайлы баға. Бірақ, бұл жайт шөп сатумен айналысатын Есқалиевке ұнамай қалды. Ол да ауыл тұрғындарына шөп сату үшін ауылға жүк көлігімен кіретінін айтты. Ал мен айналма жолды пайдалануды ұсындым. Мен оны кішкентайынан білемін, біз бірге өстік. Бірақ ол маған балағат сөздер айтып, қорлай бастады. Оған ауыл тұрғындары куә. Мен де өзімді ұстай алмай, оған жауап бердім. Өз кінәмды мойындаймын, – деп түсіндірді ауыл әкімі.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкер кез келген жағдайда өз эмоциясын тежеп, арандатушылыққа бой алдырмауы керек екенін ескертті.
- Мұндай жағдайда әкім құқық қорғау органдары арқылы мәселені шешуі керек еді. Дәлірек айтқанда, полиция ауыр техниканың ауыл арқылы өтпеуін қамтамасыз етуі керек”, – деді кеңес мүшелері.
Кеңестің шешімімен ауыл әкімі сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.