Жалаңаштанған ауылға жан бітірер жоба керек

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, теріскей облыстардағы халық санының азаюын, бір кездері құт қонып ақар-шақар болып жататын ауылдардың қазір қаңырап қалғанының себебін біреулер жұмыссыздықтан көрсе, біреулер табиғаттың қаталдығынан, енді бірі ауылдағы ағайынның қалаға қарай көшуі салдарынан деп пайымдайды.

Тәуелсіздіктің соңғы ондаған жыл ішінде теріскей жұрты бірнеше есе кеміген. Әсіресе, шекараға жақын аумақтардағы тұтас ауылдар жаппай бос қалып, тек қирандыға айналған үйлер мен ауылдардың жанындағы қараусыз қалып қурай мен ошаған басқан зираттардың қалып жатқаны ащы да болса шындыққа айналған...

Тек соңғы он жыл ішінде ғана елімізде 600-ге жуық ауыл жойы­лып кеткен. Мұндай мәліметті Ұлттық экономика министрі осы жылдың наурызында жария еткен. Министрдің мәліметінше, елі­мізде қазір 6 256 ауылды елді ме­кен бар. Онда шамамен 7,6 мил­лион халық тұрып жатыр.  

Министрлік мұның негізгі се­бебі ауылдардағы күнкөріс дең­гейінің тым төмендігімен тү­сін­діреді. Ауылдардағы кіріс деңгейі төмен адамдардың үлесі 7,2 па­йызды, ал жұмыссыздық 4,7 па­йызды көрсеткен. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар – 33 пайыз, яғни 1,2 мил­­лионды құрап отыр. Министрлік «Әкім­шілік-аумақтық құрылым туралы» заңның талаптарына сәйкес жүр­гізілген жұмыс қо­ры­тындысы бойынша соңғы он жылда ауылды елді мекендердің саны 6 838-ден 6 256-ға дейін немесе 582 ауылға азайғанын растады. Жойылған ауылдардың қатарына негізінен 50 адамнан аз адам тұрған ауыл­дар кірген. Олардың халқы жа­қын маңдағы елді мекендерге қосылған. 

Ауылдары қаңырап, туу көр­сеткіші жыл санап ылдиға қарай құлдырап бара жатқан аймақ не­гізінен теріскей облыстар болып отыр. 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қолға алып, халқы біршама тығыз қо­ныстанған оңтүстік өлкелерден жұртын теріскейге қоныстан­ды­руға күш салды. Сондай-ақ ата­жұртқа қайта оралған қандастарды да квота бойынша орналастыру саябырсығанымен, біртіндеп болса да жүргізіліп келеді. Де­генмен солтүстіктің халқының саны жылдан жылға азайып, демографиялық ахуал демігіп жатқаны анық. Өйткені теріскей облыстарға көшіп келген жұрттың көпшілігі күнгейге қарай қайтып кеткені осы жайтты аңғартады.  

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының халқы қазір 525 мың­ға жетеғабыл. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, туу көр­сеткіші жөнінен республика ­бо­йынша ең төмен деңгейде. ­Хал­қының табиғи кемуі жыл­­дан-жыл­ға еселеп артып ба­рады. Осы жылдың қаңтар-та­мызында облыс аумағында туған балалар саны 3 414 адам болса, қайтыс болғандар 4 024 адамды құраған. Көші-қонның айырмасы да теріс сальдомен қалыптасып, 4 813 адамды құраған. Әсіресе, шекара маңындағы ауылдар жау тиместен ыдырай сөгіліп жатыр. Жыл са­йын ондаған ауыл карта бетінен мәңгілікке сызылып, көзден бұл-бұл ұшып жатыр. Ста­тистикалық деректердің әрбірінің артында қаншама ауылдардың ащы тағ­дыры тұрғаны әрі олардың жағ­дайы мемлекет бюджетінен тиім­сіз болуынан жарық, жол, су сияқты қарапайым игіліктерден де ада қалып жатқаны ақиқат. Солтүстік Қазақстан облысында ғана биыл тұрғындарының жалпы саны 50-ден аспайтын ауылдар­дың саны 140-қа жеткен. Яғни, осынша ауыл бірнеше жыл ішін­де қу тақырға айналып, онсыз да азғантай халық тұратын иен дала тұтастай жалаңаштанатыны ай­дан анық.

Түйткілді мәселе «Күлтөбенің басында» күнде көтеріледі. Мә­селен, осы жылдың ақпанында дәл осы тақырыпты қаузаған Үкімет сағаты өткен. Сол жиында Мәулен Әшімбаев теріскей об­лыстарды жаппай қамтыған жағдайдың басын ашып, баян етті. Оңтүстіктің тығыз орна­лас­қан халқын солтүстікке қоныс­тандыру мемлекеттік бағдарлама күткен нәтижені бермеген.  Сол­түстік Қазақстан облысының ғана халқы 22,43 пайызға азаюы осы­ған нақты айғақ болмақ. 2000 жыл­­дар­дан бері ғана бұл облыста 170 мың­ға жуық азайған. Яғни, еліміз­дің ірі қалаларының бірінің халқы тұ­тастай жоқ болған деуге болады. 

Елорданың дәл іргесінде ор­наласқан Ақмола облысында да демографиялық ахуал тұншығып тұр. Тіпті, жыл санап ауылдардың жаппай жабылып, халқының азаюымен қатар «қартаюы» дендеп келе жатқанын сырт көз бірден аңғара алады. Облыс аумағында 2019 жылы 602 ауыл болса, биылғы дерек бойынша 589 ауыл қалған. Яғни, өңірде соңғы 5 жылдың ішінде ғана 13 ауыл түп орнымен жойылып кеткен. Бы­лайша айтқанда, жау тиместен тұтас елді мекендердің тозған бөздей ыдырай сөгілуі шекаралық аймақтардың жаппай жалаңаш­тана бастауына жол ашқан. Мұнымен қоса, әрине жабылуға таяу қалған ауылдардың саны да жыл санап еселеп өсе бастаған. Облыстық статистика департа­менті ондаған ауыл халқының саны 50-ден аспайтын, яғни «бо­лашағы бұлыңғыр» ауылдардың қатарына енгенін растады. Ауыл­дардың жабылып, өңірлердің демографиялық ахуалының на­шарлауына мектептерде балалар санының азайып, білім ордала­рының да жабылуы себеп болған. Биыл көші-қон айырмасы теріс болып, 1 300 адамға көшіп кеткен адамдардың саны көп болған.

Қостанай облысында да шека­ра маңында орналасқан ауыл­дардың жаппай қаңырап бос қалып жатқаны рас. Иесіз қалған ауылдардағы үйлер мен ғима­рат­тар әбден тоналып, қирандылар­ға айналған. Мұнда да басты се­беп – жұмыссыздық, ауызсу, жол, ұялы байланыс пен интер­неттің жоқтығы. 

Өңірдегі былтырғы жылғы есептерге сүйенсек, Қостанай картасынан жақын арада тағы 25 ауыл жойылып кетпек. Атап айтқанда, Жітіқара ауданында бір ауыл, Қарабалық ауданында тоғыз ауыл, Қарасу ауданында екі ауыл, Меңдіқара ауданында бес ауыл, Сарыкөл ауданында үш ауыл, Федоров ауданында бес ауыл карта бетінен сызылады.

Демографиялық ахуал те­ріс­кей аймақтардың бірі Павлодар облысында да демігіп тұр. Соңғы дерек осы жылдың 1 қыркүйе­гін­дегі жағдай бойынша облыста 752,9 мың адам бар. Халықтың туу көрсеткіші бұл өңірде де аса төмен. Жыл сайын 6,5-7 пайызға дейін төмендеп кеткен. Кері­сін­ше, өлім көрсеткіші мен қартаю ұлғая түскен. Сонымен қатар Павлодар облысында да көші-қон саласында теріс сальдо болып тұр. Көшіп келушілерге қарағанда  2 534 адамға көп болған. Негізінен, тұрмыс-тіршіліктің қамымен басқа өңірлер мен елдерге көшіп кеткен. Көшіп кетушілердің негізгі бөлігі бұл өңірде де ауылды аймақтардан болып отыр. 

Теріскей аймақтардың бәрінде жалаңаштанған шекараға таяу ауылдар экономикалық тиімсіз­діктен ауызсу, жол, жарық сияқты қарапайым игіліктерден де ада қалған. Салдарынан қыста жол­сыз, тіпті жедел жәрдем көмегінсіз қалып жататын кездері аз бол­майды. Түйткілді мәселе мемле­кет­тік деңгейде қолға алынған «Оңтүстіктен солтүстікке көш» мемлекеттік бағдарламасының да тиген септігі аз. 

Оңтүстіктен қоныс аудару­шы­лар теріскейдегі демографиялық жағдайдың түзелуі әрі экономи­касының қайта қалпына келуі үшін бірінші кезекте келген адам­дардың өңірдің қара то­пырақты, сулы-нулы жерінде ауыл шаруа­шылығымен, мал шаруашы­лы­ғымен айналысатын, осы сала­ларда өндірістен шыққан өнімді өңдейтін кәсіпорын ашуға бейім, сала мамандарын тарту арқылы бір оқпен екі қоян ату қажет деп есептейді. 

Сол сияқты бір кездері болып, кейін алынып тасталған «Сол­түстік коэффициентін» қосу қа­жет­тігі де айтылмай қалмады. Өйткені расында да теріскей облыстардағы ішкі жалпы өнім мен халықтың қолына тиетін табысы өзге облыстарға қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл да өз кезегінде өңірдегі адамның ыңғайы келсе жақсы мекен іздеп басқа аймақтарға, әсіресе қалалы жерлерге көшіп кетуіне себеп болатыны айтпаса да түсінікті. 

P.S.

Қысқасы демографиясы деміккен, экономикасы әлсіз, хал­қының саны азая әрі қартая ­бас­таған теріскей аймақтардың ­тұр­мысын түзеу бағытында бағ­­­дар­­ламаның тиімділігін арттыру үшін Үкімет осыған дейін болған қате­ліктерден сабақ алып, жала­ңаш­тана бастаған ауылдарды қайта қалпына келтіруге болатын әрі эко­номиканы әртарапты етуге мүмкіндік беретін тың жобасы бар жоспарды жүзеге асыруы әрі дереу қолға алғаны жөн деген ойдамыз... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы