Дәурен Абаев коронавирус жұқтырудан қорықпайтынын айтты

Дәурен Абаев коронавирус жұқтырудан қорықпайтынын айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус жұқтырудан қорықпайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. БАҚ өкілдері министрден "коронавирус жұқтырып аламын деп қорықпайсыз ба?" деп сұрады. "Мен жұқтырып алудан қорықпаймын", - деп қысқа қайырды Абаев мәжіліс кулуарында. Ол ақпарат министрлігінің қызметкерлері штатты режимде жұмыс істейтінін, ешқандай шектеу енгізілмейтінін атап өтті. Ал "коронавирусқа қатысты жағдайды ескеріп, журналистерге берер кеңесіңіз бар ма?" деген сауалға: "Журналистердің қызметіне қатысты ешқандай шектеу қоя алмаймын. Коронавирус туралы ақпарат таратыңыздар, көрсетіңіздер. Мен тек барша қазақстандыққа ұсынылған ортақ кеңестерді басшылыққа алуды ұсынамын", - деді министр. Қазақстанда 13 наурыздан бастап бұқаралық шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерге тыйым салынады. Сонымен қатар, кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы уақытша тоқтайды. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары 21 наурыздан емес, 16-сынан бастап каникулға шығады. Президент Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берді. 12 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелген жоқ.