Мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілегіне бағытталуға тиіс. Бұл Ата Заңның 3-бап, 1-тармағында көрсетілген. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады, – деп атап өткен.
Біз цифрлармен, фактілермен, іс-әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек, – деген болатын Мемлекет басшысы. Осыдан кейін мемлекеттік органдар, органдардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, тіркеліп, мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен тікелей эфирлер өткізіп, ел алдына шығып кездесулер ұйымдастырып, қоғамдық қабылдаулар аясында тұрғындардың өтініш-тілектеріне назар аударып келеді.
Жалпы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтың өтініштеріне жедел және тиімді ден қоюға бағытталған. Бұл бағытта өңірлерде облыс әкімдері мен оның орынбасарлары, әр салаға жауапты басқарма басшылары тоқсанына бір рет халықты қабылдауды жүйелендірген. Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар түрлі мәселені ортаға салды. Әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де көтерілді. Бұдан бөлек, өңір тұрғындары инклюзивті ортаны қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Тұрғындардың көтерген мәселелерін шешуге құқық қорғау органдарының басшылары, департамент және басқарма басшылары да атсалысты. Жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жіті зерделеніп, заң аясында шешімін табатын болады.
Сонымен қатар өңір басшысы жаңадан құрылған Сауран ауданына жұмыс сапарын ұйымдастырып, аймақ тұрғындарымен кездесті. Аудандағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында Ескі Иқан ауылындағы күрделі жөндеуден өткізілген «Әмір Темір» атындағы ауылдық мәдениет үйіне барып, құрылыс сапасын тексерді. Биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде Мақтаарал, Шардара, Сайрам мен Сауран аудандарында бір, Жетісай ауданында екі мәдени нысан бар. «Өңірде мәдени ошақтарын қайта ретке келтіріп, ондағы жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, үйірмелер мен жоспарлы іс-шараларды тұрақты өткізіңіздер. Соның ішіндегі кітапханаға оқырман тартып, келушілердің қатарын арттыру қажет», – деді Дархан Амангелдіұлы. 1976 жылы салынған мәдениет нысанына күні бүгінге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аудандық мәдениет үйіне қарасты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталып, биыл қыркүйек айында пайдалануға берілді. Халық саны 22 мыңнан асатын ауылдағы 380 орындық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Достық» этнофольклорлық ансамблі жұмыс істейді. 1 700 шаршы метрді құрайтын ғимарат екіқабатты. Жалпы аумағы 7 400 шаршы метр. Жоба құны – 408,7 млн теңге.
Жалпы, Сауран ауданында 11 клуб, 4 мәдениет үйі бар. Аудан тұрғындарын мәдениет нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Келесі жылы ауданның бас жоспарына сәйкес, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында «Қарашық» мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан клуб әрі кітапхананың құрылысы басталды. Майдантал ауылдық округінің орталығынан да осындай нысанның құрылысын салу үшін сметалық құжат әзірленді.
Сауран ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Golden Cotton мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумақта орналасқан. Жоба құны – 789,0 млн теңге. Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өңдеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сотты мақта тұқымын егіп, өнім сапасын арттырмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сондай-ақ саурандық жас кәсіпкермен кездесті. Істен шыққан ескі қондырғыны сатып алып, жөндеген Саидбек Жаппаров мақтаны қайта өңдеу цехын іске қосқан. Жылына 600 тонна мақтаны қайта өңдеп, өндірілген өнімді Қытай мен Түркияға сатады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма ашып қойған.
Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда. Мақта саласындағы негізгі түйткілді мәселен баға тұрақсыздығы. Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18 пайыздан аспайды.
Бұл мақта өсіретін тұрғындардың ең өзекті мәселесі. Халықтың осынау мәселесін жақсы білетін облыс басшысы Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделіп отырғанын жеткізді. Нәтижесінде, мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Осы мақсатта 2023 жылы Мақтаарал ауданында Cotton Мақта ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жобаның құны – 3 млрд теңге, жылдық қуаттылығы – 60,0 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ Жетісай ауданында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын жылына 7 500 тонна иірілген жіп фабрикасын салу бойынша TST JETISAY TEXTILE ЖШС-ның жобасы жүзеге асуда. Билік пен бұқара арасындағы байланыс осылайша тығыз қарым-қатынас орнағанда аймақтағы мәселелердің оңтайлы шешілуі жылдам жүзеге аспақ.
Назгүл НАЗАРБЕК