Статистикалық көрсеткіштер биыл қазақстандықтардың қарызы 21 триллион теңгеден асқанын көрсетіп отыр. Оның жартысын тұтынушылық мақсатта алынған несиелер құрауда. Алған қарызын банкке бере алмай жүрген азаматтардың да қатары өскен. Қазақстандағы қайтарылмай жатқан проблемалық берешектердің жалпы көлемі 738 миллиард теңгеге жеткен.
Бірінші кредиттік бюроның бас директоры Руслан Омаровтың айтуынша, соңғы кезде халық тарапынан тұтынушылық несие алу үрдісі белең алып кетті. «Қазақстан бойынша 561 мың адамның ипотекасы бар. Автокөлікке кредиттің орташа сомасы 6,1 млн теңгені, ал ең жоғары сомасы – 731 млн теңгені құрады. 2024 жылдың 6 айында қазақстандықтар 7,6 трлн теңгеге кредит рәсімдеді. Кепілсіз тұтынушылық несиелер көлемі 5,1 трлн теңгені құрайды. Ашығын айту керек, жыл сайын жоғары оқу орындарына бөлінетін білім гранты азайып келеді. Сәйкесінше, ата-ана баласын оқыту үшін банкке барып кредит алады. Сонымен қатар ипотекалық несиелер көрсеткіші де өсіп отыр. Азаматтар тұрғын үй алуға кредит алады, кейін одан құтылу үшін тағы қарызданады. Үшіншіден, автонесие алушылар үлесі де көбейді», – дейді спикер.
Естеріңізде болса, былтыр «АМАNАТ» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырған болатын. Қарыз қамытына кірген азаматтар былтыр «АМАNАТ» партиясының кеңсесіне келіп, бес күндік оқытудан өту арқылы тегін заңгер көмегін алып келді. Аталған жобаның Атыраудағы менторы Ақан Қайырғалиевтың айтуынша, «Қарызсыз қоғам» көптеген атыраулықтың өмірін өзгертуге себепкер болған.
– Банктен қарыз алған соң, оны қалайда еселеп қайтару қажет болады. Себебі банк те кәсіпкердің бірі ғой, ол да табыс табуды ойлайды. Міне, азаматтарымыз осы жағын ескермей жатады. Біреулер тіпті жалақыны қолма-қол алсақ мәселе шешіледі деп ойлайды. Осылайша, өздерінің зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру қорларына қазірден қол сұғып жатыр. Ал қарыз қайтарылмай шот ашылмайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Керек десеңіз, қазір жұмыс берушілер азаматтардың банктегі есепшоттары бұғатталмағаны жөнінде анықтама сұрайтын болды. Мұның бәрі тектен-тек емес.
Тағы бір мәселе, адамдар кредит аларда болашақта оны қалай төлейтіндігіне бас ауыртпайды. Мәселен, Теңіз, Қарабатан секілді ірі кен орындарында ауысыммен жұмыс істеп жүргендер ағымдағы жалақы есебінен миллиондап несие рәсімдеп, кейін қысқартуға ұшырады. Енді қарыздан құтыла алмай жүр. Дәл осылай алдағы уақытта қиындыққа тап бола қалған жағдайда кредитті төлей алу мүмкіндігін ойлау керек. Сондықтан маман ретінде айтар ақылым, несие алғанда ай сайынғы төлем мөлшерін жалақының 20 пайызынан асырмаған дұрыс, – дейді ол.
«АМАNАТ» партиясы қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының тек борышкерлерге ғана емес, қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыруға да көмегі көп екен. Жоба Алматы, Жамбыл, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде енгізіліпті. Нәтижесінде, 65 мыңға жуық адам арнайы курстан өтіп, сауат ашқан. Ал биыл еліміздің барлық аймағы мен үш республикалық маңызы бар қаласында жалғасын табуда.
Шыны керек, бесік тойдан бастап, үйлену тойын да қарыз алып, несиеге жасауды үйренген халқымыз қаржылық сауаттылық тақырыбына аса бас ауырта бермейді. Бірақ бұл өте маңызды шешім екен. Қаржылық кеңесші Сандуғаш Құсайынова ең алдымен қолда бар қаражатты жинап үйрену қажеттігін айтады. Себебі ақша санағанды жақсы көреді. Бүгінде қаржы үнемдеудің жалғыз ғана жолы бар, бұл – жинақтау.
– Банктен кредит алғанша, оны ерте кезден жинаған анағұрлым тиімді. Мен мұны көпжылғы тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Ал қаржыны жинаудың бір жолы – сақтандыру. Яғни, кез келген адам өз өмірін келеңсіз жайттардан сақтандыра отырып, экономикалық жағдайын жақсартып алуға мүмкіндігі бар. Жалпы, бүгінге дейін ел азаматтары бұл үрдіске немқұрайды қарап келгені жасырын емес. Өйткені біз дамушы мемлекетпіз. Сондықтан дамыған елдерден үйренеріміз көп. Соның бірі – сақтандыру мәдениеті. Бұрынғыдай емес, қазір бұл салаға ақша құйып жатқан қазақстандықтар қатары көбейіп келеді, – дейді ол.
Әйгерім Шәймерденова – үш баланың анасы. Оның басында қазір ипотеканы қосқанда, төрт банкте несиесі бар. «Өзім бес жерде жұмыс істеймін. Оның ішінде бір жұмысқа тұрақты барып, таңнан кешке дейін атқарамын. Қалған төрт жұмысымды қашықтықтан жасаймын. Айына 1 миллионға жуық табыс табамын. Бірақ оның 650 мың теңгесі кредит жабуға кетеді. Екі балам мектепте оқиды. Қазір білесіздер, балаларды қосымша оқытпасақ тағы болмайды. Болашақта мен сияқты қиналмасын деп, екі баламды қосымша оқытамын. Ақылы да, тегін де үйірмелері бар. Кішкентайымды тіпті балабақшаға да бере алмай отырмын. Көібне өзіммен бірге жұмысқа алып кетемін. Жасы төртке келіп қалды. Мемлекеттік балабақшаға әлі кезегі жетпеді. Жеке балабақшалар ұшынып тұр. Үлкен екі балама инвестиция құямын деп, кішісін ешқайда бермей отырғанымның себебі осы. Жолдасыммен ажырасып кеткенмін. Алимент алмаймын. Сотқа бастапқыда алиментке өтініш жазғаныммен, аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Оның артын қуып жүретін уақытым да жоқ. Осылай бір үйдің барлық қамытын өзім мойныма алып отырмын. Кейде өмірімнің барлығы осылай қарыз төлеумен өтіп кететін сияқты көрінеді», – дейді қала тұрғыны.
Дегенмен сарапшылар қарызсыз өмір сүруге болатынын айтады. Ол үшін ерік-жігер және нақты жоспар мен қадамдар қажет.
«Ең бірінші, ай сайынғы кірістеріңіз бен шығыстарыңызды жазыңыз. Бюджет жасау арқылы қаржылық жағдайыңызды бақылауда ұстай аласыз. Әрі қажетсіз шығыстарды азайтасыз. Медициналық, тұрмыстық сияқты жедел шығындарға резервтік қор құрыңыз.
Тағы бір қарапайым ереже – кредит алмаңыз. Қосымша табыс көзін іздеп, ақша жинаңыз. Кредиттерді қосымша табыс арқылы алдын ала жабуға тырысыңыз. Қаржылық сауаттылығыңызды дамытып отыруды әдетке айналдырыңыз. Қаржылық білім ақшаңызды тиімді пайдалануға үйретеді», – дейді қаржыгер мамандар.
«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, қаржылық сауаттылықты арттыру үшін қаржылық мәдениетті қалыптастыру маңызды. «Тиісті министрліктер мектептер мен жоғары оқу орындарының базасында қаржылық сауаттылықты енгізуге тиіс. Бұл – қазіргі әлем жағдайындағы ең қажетті негізгі дағды. Толық тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек. Дамыған елдер ондаған жылдардан кейін қаржылық сауаттылыққа қол жеткізді, бұл ұзақ және кешенділікті қажет ететін қажырлы еңбек», – дейді спикер.
Қалай десек те, қарызсыз өмір сүру үшін қаржылық сауат және тұрақты табыс керек. Сол үшін де азаматтарымыз хоббиін табысқа айналдырудың жолдарын іздестіруі қажет.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы