Ержан Жылқыбаев: Президенттің әкімдерді тікелей сайлау жөніндегі бастамасы өңірлерде демократияны нығайтады

Әулиеата өңірінде алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті.

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ауыл басшыларының басын қосып, форум ұйымдастырды. Айтулы жиында мемлекет пен қоғам алдында тұрған, ауыл халқын толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелер ашық талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылды. 

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен басқарма басшылары қатысты.

Форум ауылдық аумақтарды дамытудың, қаржылық дербестіктің және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын іске асырудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер мен аудандар әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы жергілікті жерлерде демократияны нығайтуға бағытталған. 

«Қысқа мерзім ішінде елімізде реформалардың заңнамалық базасы әзірленді. Саяси институттар жаңарып, Мәжіліс пен мәслихаттар көппартиялы бола бастады, бірмандатты депутаттар қайта оралды. Бұл реформалар «AMANAT» партиясының ішкі құрылымына да ықпал етіп, партия ішкі өзгерістерге бет бұрды. Сайлаушылардың сұраныстарына басымдық беріліп, қоғамда беделді, лайықты кандидаттар ұсынылуда. Бұл қадамдар Мәжіліс, мәслихат және әкімдер сайлауларында халықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік беруде. Сондықтан  «AMANAT» партиясы аймақтарда ауыл әкімдерінің форумдарын өткізіп, жүйелі жұмыстар атқарып келеді», – деп атап өтті Ержан Жылқыбаев. 

Келелі басқосуда сөз тізгіндеген «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов форумның негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғамды толғандыратын ауылдық мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру екенін атап өтті.

 «Облыста халық ауыл әкімдерін 2021 жылдан бері тікелей сайлап келеді. Сол уақыттан бері өңірде 165 ауыл  әкімі сайланды. Халық таңдаған әкімдердің 154-і – «AMANAT» партиясының мүшелері. Айта кетерлігі, партия атынан сайланған әкімдердің 13 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте  жұмыс істемеген.  Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері де бар. Сондай-ақ алғаш рет әкім болғандардың үлесі 58 пайызды құраса, 41 пайызы қайта сайланып әкім атанғандар. Партия ұсынып, әкім атанғандардың 4,5 пайызы – әйел азаматтары. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды. Бұл бастамада «AMANAT» партиясының да елеулі еңбегі мен нәтижелі жұмысы жатыр», – деді ол.

Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ауыл әкімдерінің 80%-ы «AMANAT» партиясың мүшелері екенін тілге тиек етіп, форумның маңыздылығына тоқталды.

«Бұл – бір мүддеге тоғысқан, бір мақсатқа жұмылған серіктестердің кездесуі. Жүзбе-жүз жолығып, көзбе-көз сөйлесіп отырмыз. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Алдарыңызда отырған мына біздер де ауылдан түлеп ұштық. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек. Сондықтан әрқайсымыздың, әрбір қала, аудан, ауыл әкімінің барлық жоспарлар мен жобаларды сәтті орындауда шешуші рөл атқаратынын көрсетеді», – деді ол. 

Форум аясындағы панельдік сессияларда «AMANAT» партиясының мүшелері, ауыл әкімдері, аймақ басшысының орынбасары, облыс прокуроры және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылары өңірдегі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ауылдық әлеуметтік саланың өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды.