Қызылорданың жолдары кеңейіп, сапасы артты

“Самара-Шымкент-Қызылорда” автожолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Құрылыс алаңына айналған Қызылорда облысында жағымды жаңалық көп. Соның ішінде жолдар жөнделіп, көшелер көркейіп, шаһар келбеті өзгеше кейіпке енді.  

Осындай жарасымды істің жалғасы ретінде облыс аумағындағы “Самара-Шымкент-Қызылорда” автожолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандық маңызы бар аталмыш автожолға арнайы барып, қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, оң бағасын берді.  

Автожол құрылысын мердігер мекеме «УАД» ЖШС талапқа сай жүргізген. Бүгінде жалпы ұзындығы 8,4 шақырымдық жол төрт жолақты, көлік жүретін бөлігінің ені 14 метр етіп салынған. Мердігер тиісті жұмыстар талапқа сай жүргізе отырып,  құрылысты 6 айда толық бітіріп отыр. Жоба бойынша қиыршық тас-мастикалық асфальт қабаты төселген. Құрылыс алаңындағы техникалық қадағалаушы «Қызылорда Нұр Строй Инжиниринг», авторлық қадағалаушы «Блеск Мастер» серіктестіктері болып бекітілген. 

Сапар барысында облыс әкімі жұмысқа қойылатын басты талап сапа екенін айтып, кемшілік орын алған жағдайда мердігер мекеме жауапты болатынын ескертті.

Негізі Қызылорда облысы аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 3580,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1014,5 шақырымы республикалық, 555 шақырымы облыстық, 2011 шақырымы аудандық маңызға ие. 

Жалпы өңірде жол құрылысы жылма-жыл жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден тиісті қаржы бөлініп, 603 шақырым автомобиль жолдары, елді мекен көшелері, көпір өткелдері салынып, қайта жаңғырту жөндеу жұмыстары жүргізілгені жергілікті жұртшылыққа мәлім. Соның нәтижесінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көрсеткіші 82 пайызға жеткізілген.

Қазіргі таңда 300 шақырымнан астам жол, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілуде. Соның негізінде жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар көрсеткішін 87,5 пайызға жеткізу көзделіп отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.