Бізде «Б» жоспары бар

Бізде «Б» жоспары бар

Қазақстанда бүгіннен бастап көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Мектеп оқушы­ла­ры көктемгі каникулға ерте жі­бе­рі­ле­ді. Жоғары оқу орындары қашық­тан оқуға көшпек. Қоғам­дық орын­дар­да  күшейтілген са­ни­тарлық-де­зинфекциялық ре­жим енгізіледі. Коронавирус қаупіне байланысты қа­былданған бұл шешімнің қашанға дейін созылатыны белгісіз. Үкімет аты жа­ман вирустың қаупі күшейер болса,  «Б» жос­парын іске қосуға дайын. Бұл тура­лы ке­ше вице-премьер Ералы Тоғ­жа­нов бас­тап келген Үкімет мүшелері Орта­лық ком­муникациялар қызметінде өткен бас­пасөз мәслихатында мәлімдеді.  

Күшейтілген санитарлық-де­зинфекциялық режим енгізіледі

Сонымен жоспардағы мерекелік, спорттық, мәдени шаралар, кон­фе­рен­ция­лар, көрмелер өткізілмейді. Ден­сау­лық сақтау, білім беру нысандары, қо­­ғамдық көпшілік орындар, ком­му­налдық шаруашылық, тамақ өнер­кәсі­бі, сауда, базарлар, қоғамдық та­мақ­тану, вокзалдар, әуежайлар, қона­қүйлер күшейтілген са­нитарлық  де­зинфекциялық режимге қо­­сыл­ды. Қарттар мен мүмкіндігі шек­­­­­теу­лі жандарға арналған медици­на­­­лық-әлеуметтік нысандарға, әлеу­­мет­тік оңалту орталықтарына, мү­гедек ба­­­­­лаларға арналған оқу орын­дарына баруға тыйым салынып, ол жер­лерге де күшейтілген санитарлық-де­­зин­фек­ция­лық режим енгізілмекші. Каникул ке­зінде оқушыларға өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауға тыйым салынады. Қо­ғам­дық көліктерді жуып, дезинфекция жа­сау міндеттелді.  Әдетте, қоғамдық кө­лік­тер ауысымның басында жә­не ая­ғын­да тазаланса, енді  оны әр рейс сайын тазалау туралы талап қойы­лыпты.
«Орта білім беру орындары ка­никулға 2020 жылы 16 наурыз – 5 сәуір аралығында шығады. 16 наурыздан бастап колледждер мен жоғары оқу орындары қа­шықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрін қашықтан жүргізуге ауыстыру қажет», – деді вице-премьер Е.Тоғжанов.
Оның айтуынша, сауда орта­лықтары, соның ішінде базарлар жұмыс істей береді. Себебі мем­лекет халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Ал ойын-сауық орталықтарындағы кино­театрлар жұмысын тоқтатады. «Бұл оңай мәселе болған жоқ. Фильм аз дегенде бір сағат көр­сетілетінін білесіздер. Ғи­марат ішінде көптеген адамның бір уақытта ұзақ болуы көп сұрақ туындатты, сол себепті осындай шешім қабылдадық», – деді ол. Биыл ақын Абайдың 175 жыл­дығы қалай өтеді? Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мұндай шараларды жаңа фор­матта өткізу қарастырылып жа­тыр. «Мысалы, шараларды үлкен стадиондарда емес, теле­дидар, әлеуметтік желі арқылы өткізу жағын қарастырудамыз. Хакім Абайдың тұлғасын түсініп, ұлықтау шаралары да жаңа фор­матта өткізіледі», – деді министр.  

Қашықтан оқуға дайынбыз ба?

Ал өз кезегінде сөз алған Бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, каникул аяқталғанға дейін эпи­демиологиялық ахуал қадаға­ланады. Егер басқадай жағдай болса, қашықтан оқытуға сүйе­ну­ге тура келеді. Ал қашықтан оқытуға білім беру нысандары дайын ба?
«Қазақстанда коронавирус жоқ, сол себепті балабақ­ша­лар­дың жұмысын тоқтатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Вирус анық­талған жағдайда (коронавирус - автор) жедел шаралар қабыл­да­нады. Жалпы, еліміздегі универ­си­теттер үлкен қалаларда орна­лас­қандықтан, барлық жерде техникалық және интернет жыл­дам­дығы жағынан мүмкіндік бар», – дейді Асхат Аймағамбетов. Оның дерегінше, 68 мектепте мүлдем интернет жоқ. Бұл мә­селе бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда медициналық маска шығарылады. Былтыр тұрғындардың 80 пайызы отан­дық маскаларды қолданған. Тұр­ғындардың маскаларды сатып алғаны, кейбірі өзіне, кейбірі қайта сату үшін сатып алғаны туралы мәселе бар. Қазіргі уа­қыт­та бұл мәселе шешімін тапты дейді. Алайда әлеуметтік желіде маска іздеген адам көп.  

Билет айыппұлсыз қайтарылады

Коронавирустың таралу қаупі төнуіне байланысты жолға шықпай қалғандар қайтпек? Бұл сұрақтың жауабын Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев берді.
«Біз әуе рейстерін тоқтатып отырған жоқпыз, қысқартып отырмыз. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Стамбұл бағыты бойынша 30 рейс 6 рейске қысқарды. Бізде авиациялық әкімшілік құрылған. Ол жерде тәулік бойы байланыс нөмірлері жұмыс істейді. Жолға шықпай қалғандардың билетін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді. Ал билетті басқа күнге ауыстыру қа­жет болса, ол жағы да қарас­ты­рыл­ған», – деді ол. Осы тұста сөзге араласқан Елжан Біртанов қауіпті жағдай туралы халыққа 6 қаңтар күні ескертілгенін еске салды. «6 қаңтар күні корона­вирусқа байланысты алғашқы баспасөз мәслихаты өтті. Одан кейін 13, 20 қаңтарда, яғни апта­сына бір рет осыған қатысты бри­финг өтіп отырды. Қауіпті жағ­дайға байла­нысты шетелге бару туралы жос­парды тоқтату туралы ескерт­кенбіз. Азамат­тар­дың өзінде де жауапкершілік болуы керек. Біздің кеңесімізге құлақ аспаған­дықтан, осындай жағ­дайлар болып жатыр. Коро­на­вирус жұқ­тыру қаупі жоғары елдерге барудан бас тарту керек», – деді ол.
Бетін аулақ деп айтайық, егер елімізде коронавирус анықталған жағдайда қандай әрекет ету керек­тігі Үкіметтің «Б» жоспары­на ен­гізіліпті. «Осы «Б» жоспары бойынша, еліміздегі инфек­ция­лық ауруханалардағы төсек саны екі есе көбейтілген. Қосымша 14 мың карантиндік төсек-орын дайын­далды. Осындай дертке шал­дық­қандарға көмек көрсету бойын­ша кадр мәселелері қара­лып жатыр», – дейді Елжан Біртанов. Министрдің айтуынша, елі­мізде коронавирус таралу қаупі­не байланысты қабылданған шешімнің қашан өзгеретіні бел­гі­сіз. Эпидемиологиялық қауіп сейілгенше өзгермейді.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ