Қазақстан Ресей және Қытаймен іргелес жатқан соң бұл елдердің ішкі саясатындағы өзгерістерге көз салуға тура келеді. Ондағы саяси процестер бізге де жанама түрде әсерін тигізуі бек мүмкін. Соңғы кезде екі елді де мазалаған маңызды мәселенің бірі – басшыларының билікте қалу жолдарын қарастыру болды. Си Цзиньпинь 2018 жылы Коммунистік партия съезінде шексіз мерзімге сайлану құқығына ие болса, Владимир Путин бұл мәселені Конституцияға өзгеріс енгізіп, шешуге тырыспақ.
2000 жылы билікке келген Владимир Путин Ресейді басқарып отырғанына биыл 20 жыл толды. Тек 2008-2012 жылдар арасында үкімет басшысы қызметіне ауысты. Алайда 20 жылда ел билігін уысынан шығармаған. Қазіргі заңға сәйкес, оның президенттік 4-мерзімі 2024 жылы аяқталуы тиіс. «Путин тақта отыру мерзімін ұзарта ма?» деген тақырып Ресей қоғамында былтырдан бері қызу талқыланып келеді. Себебі бір жағынан В.Путин «мен билікте қалу үшін ешқашан Конституцияны өзгертпеймін» деп мәлімдеп келген еді. Оған қоса, қазіргі заң оған 2024 жылдан әрі қарай ел басқаруға мүмкіндік бермейді. Ал екінші жағынан 20 жыл бойы билік жүйесін өз тұлғасына матап байлап, қалыптастырған кісінің президенттіктен оңай кете қалуына сенетіндер аз.
Бұл даулы мәселенің жауабын В.Путин биыл 15 қаңтарда Ресей Конституциясына бірқатар өзгеріс енгізуді ұсыну арқылы бергендей болды. Ал осы аптада Ресей парламентіне аталған ұсыныстарын және басқа да ойларын заңмен бекітуге келді. Міне, сол кезде депутаттардың арасынан сөз алған алғашқы космонавт әйел, 83 жастағы депутат Валентина Терешкова В.Путиннің бүгінге дейін 16 жылдық президенттік мерзімін «өшіріп тастауды» ұсынды. Яғни, осы арқылы қазіргі президентке шексіз сайлауға қатысуға мүмкіндік беру бастамасын көтерді. Космонавт-депутаттан соң сөз алған президент бұл ұсыныстан бас тартпады. Тек 22 сәуір күні Ресей халқы бұл ұсынысты қолдауы тиіс. Әрі Конституциялық сот келісімін беруі қажет деп ескерту жасап қойды. Сонымен, заң факультетінің түлегі өз елінің бас заңдар жинағын бұзуға неге бел буды? 67 жастағы В.Путин 2036 жылға дейін билікте қала ма?
Жалпы, Ресей басшысы 2003, 2008, 2012, 2018 жылдары баспасөз конференцияларында, сұхбаттарда өз елінің Конституциясын бұзбайтынын, билікте ұзақ қалғысы келмейтінін түрлі формада жеткізген. Мәселен, 2008 жылы журналист сұрағына «мен президент ретінде бірінші күннен Конституцияны бұзбаймын деп өзім үшін шешім қабылдадым» деп жауап қайырған. Алайда қазіргі президентке қажет өзгерістер Конституцияға енгізілсе, бас заңды бұзу деген ұғымды құқықтық тұрғыда түсіндіру қиын болып қалады. Өйткені қазіргі заңмен ол бесінші президенттік сайлауына қатыса алмайды. Ал егер ол құқықтық шектеуді алып тастаса, емір-еркін қанша уақыт ел басқарамын десе де, өзі шешпек. Алайда ол құқықтық шектеуді алып тастау Конституцияға қарсы емес пе?
Ресей Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістерге көз жүгіртсек, бұл ел халықаралық изоляцияға түсуді көздеп отырғандай көрінеді. Мәселен, ұсыныстың бірі – Ресей Конституциясын халықаралық құқықтан жоғары қою. 1969 жылы қабылданған Вена конценциясында халықаралық құқықтың ұлттық заңдардан үстемдігі көрсетілген. Бұл көптеген елдердің заңында да бекітілген. Қандай да бір ел халықаралық құқықты мойындамаса, онымен өзге мемлекеттер байланысқа түсуден бас тартуы мүмкін. Себебі халықаралық құқықты мойындамау – әлемдік «ортақ ойын ережесін» орындамау деген сөз. Ресей не үшін мұндай қауіпті қадамға барғалы тұр? Даудың басы 2014 жылдан бері Еуропаның түрлі соттарының Ресей үкіметі Ходорковский басқарған ЮКОС компаниясының экс-акционерлеріне 50 млрд доллар шығын төлеуді міндеттеуі болуы мүмкін. Ресей өз Конституциясын халықаралық құқықтан жоғары қою арқылы бұл алып сомманы төлеуден құқықтық тұрғыда басын ашып қашып жатқандай.
Сондай-ақ үкіметтегі лауазымды азаматтар енді шетелдің азаматы бола алмайды. Былай қарасаңыз, шенеунік үшін бұл заңды талап секілді. Алайда Ресейде шетелдік азаматтық қатар алуға рұқсат етілген. Бұдан бөлек, негізгі ұсыныстың бірі Ресей президенттігіне үміткерлерге қатысты. Енді кандидат Ресейде кемі 25 жылдай тұру керек. Яғни, осы норма арқылы Кремль шетелге қашқан, шетелде тұратын болашақ не қазіргі саяси оппоненттерінен құтылуға тырысып жатқандай. Ал қазіргі талап – 10 жыл. Оған қоса, Владимир Путин бір адам қатарынан екі президенттік мерзімнен артық қызмет атқара алмайды деген талаптағы «қатарынан» сөзін алып тастауды ұсынып отыр. Тек келесі ұзартылатын мерзім 2 реттен аспау керек. Яғни, егер бұл өзгеріс енсе, онда В.Путин 2024 жылдан әрі қарай өзінің қызметін екі мерзімге ұзарта алады. Ресейде 2012 жылдан бері сайланған президенттің бір мерзімі 6 жыл екенін ескерсек, онда 2024+6+6=2036 формуласымен Путин 2036 жылға дейін ел басқаруы мүмкін.
Мұның бәрі қазірше саяси болжам. Бірақ сценарий дәл осы жолмен жүретініне көптің күмәні қалмады. Егер бұл ұсыныс Ресей басшысы Путиннің жоспары болмаса, ол биыл Конституцияға өзгеріс енгізіп, парламентінде қария депутатқа «бізге 36 жыл басшы бола беріңіз» деген сөзді жария түрде айтқызбас еді. Ал енді бұл жоспар жүзеге асуы үшін 22 сәуір күні Ресей азаматтары Конституциялық өзгеріске дауыс беру қажет. Бұл референдум емес. Сондықтан өзгеріске көпшілік қолдау білдірсе, ол қабылданды деген сөз. Оған қоса, Ресей Конституциялық соты да бұл бастама заңға қайшы емес деген шешім шығару керек. Олар президентке қажет шешімді шығаратынына сарапшылар күмән келтірмейді. Осылайша, көрші елде бір басшы 36 жыл билік құру жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кетті.