"Мен коронавирусты қалай жеңдім?" – Оралда covid-19 дертін бірінші жұқтырған адам айықты

"Мен коронавирусты қалай жеңдім?" – Оралда covid-19 дертін бірінші жұқтырған адам айықты

Әлия есімді Орал қаласының тұрғыны БҚО-да коронавирус жұқтырған бірінші адам. Коронавирустың алғашқы белгілері, оны емдеу шараларын және дәрігерлердің қалай өзіне күтім жасағанын ол "Мой город" порталына айтып берді. Әлияның науқас екені 29 наурызда белгілі болды. Бірнеше күн бұрын ол Атырауға барып, 27 наурызда Оралға оралған болатын. Бұл күнді ол есіне жақсы сақтаған. Оның айтуынша, 28 наурызда кешке дене қызуы көтерілген. Ол бірден жедел жәрдем қызметіне хабарласып, дәрігерлерге өзі барған. Кейін одан алынған сараптама коронавирустың жұққанын растап берген. "Бәрінен бұрын басқа адамдарға жұқтырамын ба деп қорықтым. Сондықтан, госпиталда қалуға шешім қабылдадым.  Маған коронавирус жұқты деген ой басыма кіріп-шыққан жоқ. Ертең-ақ үйіме қайтамын деп ойладым. Кейін алынған сараптама коронавирустың жұққанын растап берді.  Басым айналып, не істерімді білмей қалдым. Мен қорыққанымнан кіммен араласқанымды есіме түсіре бастадым", – дейді әйел. Науқас бірден облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жатқызылды. Онда сағат сайын дене температурасы, қысымы және жүрек қағысы тексеріліп отырды. Әлияның айтуынша, өзінің иммунитеті нашар болған. Ал дәрігерлер мен медбикелер оны емдеп жазуға бар күш-жігерін салыпты. Науқасты емдеп жазылғанша күтіп, ем-домын уақытымен жасаған. Үнемі қолдау көрсеткен. Соның арқасында ол аурудан құлан таза айығыпты. "Қазір артыма қарасам, менің өзіме ғана емес, туған туыс, дос-жарандарыма, әріптестеріме, біздің серіктестерге және дәрігерлерге де оңай болмағанын байқаймын. Мені қолдаған барша жанға алғыс айтамын. Тіпті әлеуметтік желіде маған қолдау білдірген бейтаныс адамдар да болды. Баршаңызға рахмет. Мен коронавирусты жеңдім.  Елімізде мен секілді коронавирусқа шалдыққан адамдар көп екенін білемін. Оларға денсаулық тілеймін. Қорықпаңыздар, тек жақсылық ойлаңыздар", – дейді Орал қаласының тұрғыны.