Оқисың. Ойланасың. Опынасың. «Қазақстанда қазіргі кезде 16 миллион тонна қатты радиоактивті қал¬дықтар жинақталған. Мамандардың зерттеуі бойынша, Қазақстанда тұратын 2,6 миллион адам мутагенез ауруына шалдыққан» деген бір деректі ұшырастырдым.
Алмас Шарманов әлеуметтік желіде «Лас ауа екіқабат әйелдерге қалай әсер етеді?» деген жазба қалдырыпты. Ол АҚШ-тың Юта штатындағы бір университеттің зерттеу мәліметтерін мысалға келтіре отырып, үлкен мәселе көтеріпті. Екіқабат әйелдерге ауаның ластануы қалай әсер етеді? 2007 және 2015 жылдар аралығында 1300 түсік тастаған әйелдердің ахуалын зерттеген университет азот диоксидінің жоғары мөлшері осындай жағдайға жеткізгенін анықтаған. Американдық ғалымдар Иран, Италия, Моңғолия мемлекеттеріндегі осы тақылеттес зерттеулердің нәтижесі бірдей болып шыққанына назар аудартқан. Оның алдында Латын Америкасы, Еуропа және Азия елдерінде жасалған зерттеу жұмыстары да ластанған ауаның екіқабат әйелдерге қолайсыз әсер ететіндігіне айғақ болған. Қазақстандағы ауа жетісіп тұр ма? 1949-1996 жылдар арлығында Қазақстан жерінде 503 ядролық қару сыналды. 20 миллион гектар жер экологиялық апатты аймаққа, тіршіліксіз экожүйелерге айналды. Бұл апат 3,4 миллион адам тұратын елдімекендерді қамтыды. Сондағы тұрғын халықтың бүгінгі және ертеңгі жағдайы қандай болмақ? Уланған ұрпақтың тағдыры не болады? Алматы, Шымкент, Өскемен сияқты қалаларда да ауаның ластану мөлшері өте жоғары. Шығыс Қазақстан өңірінде экологиялық проблемалар жеткілікті. Түсті металлургия, вольфрам, қорғасын, мырыш өнеркәсіптері елдімекендер мен қала тұрғындарына зардабын тигізіп жатыр. Басқа да ірі қалалардағы азот диоксидінің мөлшерін зерттеп отырған мекеме бар ма? Адамға ауа да, су да қажет. Жұтқан ауаң мен ішкен суың у болса, күңіреніп қайғырғаннан басқа не амал қыласың? Қайда барасың? Каспий теңізінің 268 миллион гектар жағалауы мұнай өнімдерімен ластанып жатыр. Қазақстанның қай аймағына барсаңыз да экологиялық ахуал күрделі. Сарыарқаның төскейі де жетісіп тұрған жоқ. Байқоңырдан ұшырылатын космос кемелерінің қалдығы осы аймаққа құлайды. Қызылорда облысына төбеден төгіліп жатқан гептилдің санынан жаңылдық. Жергілікті тұрғындарға осындай экологиялық апат төніп тұр. Өңірдегі техногендік, радиоактивті жағдай қаншалықты қолайлы? Космос қалдықтары мен лас өндірістік ластану топырақтың құнарсыздануына, жайылымдардың тозуына жеткізді. Аралдың экологиялық жағдайы қандай қасірет? Әмудария мен Сырдария бассейнінің 2 миллион гектар жерін шөлге, жарамсыз жерге айналдырды. Сорға, тақырға айналған жерлер мен Арал табанындағы тұздар ғаламдық экологияға проблема тудырды. Арал өңіріндегі 300 миллион гектар сексеуіл алабы бұл күнде сидиып-сидиып қалған. Шу-Мойынқұм, Балқаш-Алакөл, Ақдала аймақтарының да экологиясы мәз емес. Осындай жағдайда дүниеге дені сау перзент әкелу үлкен мәселеге айналып отыр. Қазақ әйелдері тумайын демейді, қандай қиындыққа да қарамай туғысы келеді. Көктемде ағаш гүлдеп тұрғанда үсік ұрғандай, әйелдер түсік тастап жатыр…Не дейсіз, бұған?..