Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған азамат өзімен байланыста болғандарды жасырып қалған. Бұл жөнінде бүгін Ақтөбе облысының бас санитар дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева онлайн брифингте айтты. 2 сәуір күні коронавирус жұқтырғаны белгілі болған азамат оған дейін туыстарының үйіне қонаққа барған. Бірақ, ол бұл фактіні дәрігерлерге айтпаған. Енді қонаққа барған үйдегі ер мен әйелден коронавирус табылып отыр.
«Бұл фактілерді науқас эпидемиологиялық тексеру кезінде жасырып қалды. Сондықтан қазір «Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру» 309-бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін полиция департаментіне материал дайындап жатырмыз. Ол бойынша әкімшілік қамауға алынады немесе екі жылға бас бостандығынан айрылады. Егер онымен байланыста болған адамдар қайтыс болса, жаза мерзімі 5 немесе 10 жылға созылуы мүмкін», - деді бұл жайлы облыстық бас санитар дәрігер Нұрсұлу Беркімбаева.Ал, кеше коронавирус жұқтырған әйел адам Ақтөбе қаласындағы «Анвар» супермаркетіне барған. Қазір сауда орталығын карантинге жабу мәселесі қарастырылып жатыр. Бүгін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырды деген науқас - осы әйелдің күйеуі. Бүгінге дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған 13 науқас тіркелді. Ал, қауіпті індеттен айыққандар саны – екеу.