Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық сайлауалды штабы Нұр-Сұлтан қаласында ашылды. Республикалық қоғамдық сайлауалды штаб жетекшісі Бақытжан Әбдірайым сайлаудың әділ де ашық өтуіне бар күш-жігерін салатынын мәлімдеді.
Штаб құрамына кәсіподақ ұйымдарының басшылары, беделді ұлттық сарапшылар, кәсіби заңгерлер, ғылым қайраткерлері және Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар қозғалысы белсенділері кірді. Орталық штаб еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған аймақтық қоғамдық штабтар жұмысын үйлестіреді.
Кандидат А.Таспиховтың ел бойынша барлығы 2 000-нан астам сенімді өкілі, 2 000-ға жуық волонтері, 5 000-ға жуық бақылаушысы бар. Үгіт-насихат науқаны кезінде 400-ден аса іс-шара жоспарланған. Кандидат А.Таспиховтың алғашқы үгіт-насихат жұмысы Павлодар облысынан басталды. Маңғыстау облысындағы сайлауалды штабы Жаңаөзен қаласының еңбек ұжымымен кездесті. Іс-шараға қатысушылар Президенттікке үміткер А.Таспиховты алдағы сайлауда қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен бірге, Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы мемлекеттік университеттің «Жастар сарайында» кандидат А.Таспиховтың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілдері оқытушы-профессорлар құрамы және студенттермен жұмыс кестесіне сәйкес үгіт-насихаттық кездесуін өткізді.
Үміткердің Республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық ауруханасында еңбек ұжымымен де кездесті. Кездесуде 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Кандидаттың сенімді өкілдері еліміздің денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін халықаралық медбикелер күнімен құттықтады. А.Таспиховтың республикалық қоғамдық штабының тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды. Ол кандидаттың тұғырнамасында еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға қатысты мәселелерге басымдық берілгенін, әсіресе, жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, еңбек қауіпсіздігі, лайықты еңбекақы мен ұжымдық шарттың маңызы қарастырылғанын айтып, кәсіподақтардың ұстанып отырған бағыт-бағдары сайлаушылар тарапынан қолдау табатынына ниет білдірді.
Айдана БЕГІМ