Қытайдағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары мен «Шеберлер мекені» тігін өндірісі қауымдастықтары арасындағы төртжақты әріптестік ынтымақтастық аймақтың тігін нарығының ауқымы едәуір ұлғаюына жаңа мүмкіндіктер беретін болады.
Қытай делегациясы «Бір белдеу – бір жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда болды. Қонақтар өңірде өндірілетін қой жүні шикізатын сатып алуға айрықша қызығушылық танытты. Олар облысымызға арнайы жұмыс сапарын «ПОШ Тараз» фабрикасы ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады. Жалпы фабрика жүнді алғашқы өңдеу, жуылған жүнді қайта өңдеу, ТОПС өндіру ісін жүзеге асырады. Өндірілетін өнімдер түрлерін делегациялық топ мүшелеріне кәсіпорын директоры Бауыржан Найзақұлов таныстырып, өндіріс желісін дамыту, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салықтық аударымдар көлемін арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша алға қойылып отырған міндеттер жөнінде әңгімелеп берді. Меймандар кәсіпорын өнімдерін жоғары бағалап, өздерін жылы шырайлы жағдайда қарсы алғандарына ризашылығын жеткізді.
– Қазақстан – бай ел. Әсіресе, жайылым жері мол. Жамбылдықтар үшін биязы жүнді қой өсіруге қолайлы жағдайлар жасалған. Біле білгенге, өндіріс үшін ең маңыздысы, бұл – шикізат. Біз сіздерге жүн бағытындағы қой өсіруді дамытуды ұсынамыз. Қытайда осындай қойларды экспортқа шығаруға тыйым салынған. Алдағы уақытта бұл мәселеге рұқсат етілсе, мұндай қой тұқымын Қазақстанға әкеліп, оларға күтім жасау әдіснамасын оқытып, үйретеміз, – деді Нанкин қаласындағы «Жүн маркеті компаниясы» қоғамдық ұйымдар бірлестігінің төрағасы Хо Янь. Сондай-ақ делегациялық топ мүшелері «Айвенго» ЖШС тігін фабрикасында болды. Кәсіпорын негізінен халықаралық стандарттар талабына жауап берерлік жоғары сапалы заманауи тігін өнімдерін шығаруға мамандандырылған. Фабрика директоры Любовь Попова өңірлік жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі. Қытайлықтарды осындағы «Дана-Дель» тігін ательесінің жұмысы айрықша таң-тамаша етті. Шеберхананың жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Негізгі бағыты – ұлттық киімдер тігу. Осы тұрғыда қытайлық кәсіпкерлер қазақтың ұлттық ою-өрнектеріне айрықша қызығушылық танытып, өздерінде бар заманауи техника түрлерімен таныстырды.
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы