Премьер-министр Асқар Мамин қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Құрметті отандастар! Сіздерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 9-мамыр қазақстандық отбасылардың басым көпшілігі үшін ұлық мереке, өйткені біз бүгін адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыста қан кешкен қаһарман ұл-қыздардың, әкелеріміз бен аталарымыздың, бабаларымыздың өшпес батырлығын жадымызда сақтап, зор құрметпен еске аламыз. Біз майдан даласында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Жеңіс жалауын желбіреткен батыр ұрпақтың, отты жылдарда тылда жанкешті еңбек еткен ардагерлеріміздің алдында Отанымызды қорғап, бейбіт өмір сыйлағаны үшін тағзым етеміз. Ардагерлерге мықты денсаулық, жақындарының қамқорлығы мен жылуын, мол қуаныш пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Тәуелсіз еліміздің көгінде әрқашан тыныштық болсын!