Қоғамдық формация өзгеріске түскен заманда еңбекті бағалау және қадірлеу деген ұғым өзгереді. Жеке мүдде алға шыққанда жалпы еңбек дегеннің өзі қоғам қадірлейтін деңгейге жете бермейді. Бізде Жалпыға бірдей еңбек қоғамы туралы биік мінберлерден сөз болады. Ал нақты еңбек адамын қадірлеудің жолы қандай? Бұл жағын ойлай бермейміз.
Жақында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дәстүрлі V малшылар слеті өтті. Осы шараға еліміздегі қаржы институттарының басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының аграршылары қатысты. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасқан. Агроөнеркәсіптік кешенге бағытталған инвестиция еселеп өсіп жатыр. Соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынған инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортталатын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін артқан. Қызылорда облысында ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланған тәрізді. Иранға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Монғолияға, Ресейге, Өзбекстанға тірілей қозы, ірі қара малдарын етке экспорттау жүріп жатыр.
Слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Асылтұқымды мал өсіретін үздік репродуктор шаруашылық; ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі; үздік сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі; үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны; үздік құс шаруашылығы; үздік бақташы; үздік шопан; үздік жылқышы; үздік түйекеш; үздік ветеринар; мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі сияқты 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі жасалды.
Малшылар слетіне бірнеше рет қатысқаным бар. Слет аясында жергілікті ауыл тауарын өндірушілердің өнімдерінің, ветеринарлық техника және жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар семинар өткізіліп, онда селекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланады.
Мұндай жиын еліміздің басқа өңірлерінде өткізіле ме? Мал өсірумен тек Қызылорда облысы ғана айналыспайды ғой. Малшылар слетін /бәлкім басқаша да атауға болар/ республика көлемінде бес жылда бір рет өткізіп тұрса, қалай болар еді? Осы саладағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерді сараптап, экономиканың жаңа драйверіне айналудың амал-әрекеттеріне баға беруге мүмкіндік алар едік.