Бүгінде республика бойынша 37 644 салық төлеуші салық төлемін өтеген.
«Салықтық рақымшылық биылғы жылдың соңына дейін жалғасады. Осы орайда шағын және орта бизнес субъектілерін жиналған қарыздан құтылып, мемлекеттік кірістер органдарымен салынған шектеулерді жоюға шақырамыз.
Мониторингке жататын ірі салық төлеушілер, 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша белгілі бір қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін іске асырған салық төлеушілер рақымшылыққа ілінбейді. Мысалы, жерасты суларын, емдік балшықтарды өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушылар болып саналатындарды қоспағандағы жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін өнім өндірушілер, жекеше нотариустың, жеке сот орындаушысының, адвокаттың, кәсіпқой медиатордың қызметін, кәсіпкерлік қызметті іске асыруына байланысты туындаған салықтық берешекті қоспағанда, жеке тұлғаларға қолданылмайды. Қазір салықтық рақымшылық бойынша жаңа жоба дайындалып жатыр» – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.
Өткен жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, елімізде 90 077 шағын және орта бизнес субъектілерінің өтелмеген салықтық берешегі болған. Олардың бересі сомасы – 210,4 млрд теңге, өсімпұлдар – 122,9 млрд теңге, ал айыппұлдар 7,4 млрд теңге болды.
Салықтық рақымшылыққа қатысу үшін ешқайда барудың қажеті жоғына назар аударған жөн.
Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл және Қостанай облыстарының салық төлеушілері рақымшылықтың ең белсенді қатысушылары болып отыр.
Жеке тұлғалар үшін алдағы болатын салықтық рақымшылық туралы қосымша атап өту керек. Еліміздегі салық заңнамасына түзетулер әзірленген. Осы түзетулер 2019 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңдер үшін салықтық міндеттемелер бойынша жеке тұлғамен негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдарды есептен шығару қарастырылған.