Қарағанды облысында 787 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстан Президентін сайлау барысын өңірде 40-тан астам халықаралық бақылаушы қадағалады. ОСК мәліметі бойынша, таңғы сағат 10-ның өзінде облыста сайлаушылардың келуі 10,1%-ды құрады.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов президент сайлауына қатысты. Өңір басшысы Қарағанды қаласы Ғ.Мұстафин атындағы №83 ЖББОМ орналасқан №53 сайлау учаскесінде дауыс берді. Облыс әкімі сайлауға зайыбымен және қызымен бірге келді.
Бұл сайлау учаскесі таңертеңнен бастап белсенділігімен және мерекелік көңіл күймен ерекшеленді. Аумақтық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, тіркелген 2 855 сайлаушының 20%-ы таңғы сағат 10-ға дейін дауыс берген. Сайлаушылардың ішінде жастар қатары қалың болған. Олар үшін бұл – алғашқы сайлау. Көптеген адам дауыс беруге отбасымен, кішкентай балаларымен келіп жатты.
– Біз үшін сайлау – отбасылық мереке. Қызым Нұр-Сұлтанда тұрады, бірақ бізбен бірге дауыс беру үшін елордадан есептен шығару талонын алды. Тұрақты және гүлденген Қазақстан үшін және ең бастысы – балалардың болашағы үшін таңдау жасадым. Менің 7 айлық кішкентай немерем бар. Ол бақытты елде өмір сүруі үшін, болашағы үшін де дауыс бердім деп ойлаймын, – деді Ерлан Қошанов.
Өңір басшысы жерлестерін атақты боксшы Геннадий Головкин канадалық Стив Роллсты жеңуімен де құттықтады.
– Көптеген қазақстандықтар сияқты айқасты тікелей эфирде көрдім. Twitter-де құттықтау жазып, Геннадийдің анасы Елизавета Сергеевнаны құттықтадым, – деп қосты Ерлан Қошанов.
Қарағанды қаласының ең қарт тұрғындарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, 96 жастағы Бүркіт Есжанов та президент сайлауына қатысты. Сайлау учаскесіне ол жұбайымен бірге келді.
Бүркіт Есжанов Көгілдір тоғандар шағынауданындағы №77 орта білім беру мектебінің сайлау учаскесінде дауыс берді. Ардагер учаске барлық қажетті құралдармен жабдықталғанын және оған дауыс беру жайлы болғанын атап өтті.
– Бүгін біздің республика үшін үлкен мереке – сайлау күні. Біз жұбайымызбен осында келіп, дауыс бердік. Біз таңдаған адам жұмысқа қабілетті, халықтың, еңбекшілердің өтініштеріне мұқият болатынына сенімдімін, – деді Бүркіт Есжанов.
Қарағанды облысының барлық сайлау учаскелері мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктеріне сәйкес жабдықталды, олар үшін дауыс беруге арналған жеке кабинкалар орнатылды және жәшіктерге ыңғайлы қол жеткізуі үшін жағдай жасалды. Кейбір учаскелерде буфеттер жұмыс істеді.
Халықаралық және тәуелсіз ұйымдардың атынан сайлау барысын бақылауға ниет білдірген бақылаушылар үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасалған.
Сондай-ақ, қарағандылық боксшы Геннадий Головкин мен канадалық Стивом Роллстың жекпе-жегі сайлау учаскелерінде көрсетілді. Былғары қолғап шеберлері кездесуінің көрсетілімі дауыс беру өткізілген бірнеше жалпы білім беретін мектептерде ұйымдастырылды.
Геннадий Головкиннің жекпе-жегі үлкен экранда бірінші болып Майқұдық шағынауданындағы боксшы оқыған №65 мектепте көрсетілді. Спорт залында екі үлкен экран орнатылды, ал қабырғалар спортшыға ізгі тілектер жазылған плакаттармен безендірілді.
– Бұл біздің мектебіміздің оқушылары мен олардың ата-аналары үшін жасалған шара. Біз сайлауға келгендер күресті тамашалауға да ниет білдірер деп шештік. Еліміздің болашақ президенті үшін дауыс бергеннен кейін көптеген адам сүйікті боксшысына қолдау көрсету үшін спорт залында қалды, – деді №65 мектептің директоры Нұрбол Күнеділов.
Жерлес боксшының қатысуымен өткен жекпе-жекті көруге сайлаушылар ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушылары да жиналды. Олар тіпті қолдан жасалған баннерлер дайындаған екен.
– Мен осында дауыс беруге келдім, мұнда жекпе-жек көрсетілетінін білдім. Маған үлкен экранда, бір топ жанкүйермен бірге Головкиннің шайқасын тамашалау ұнады. Менің ойымша, бұл жерде жерлесімізге қолдау көрсету жақсы идея. Бұл патриоттық рухты көтереді, – деді 14-шағынауданның тұрғыны Есенбай Разақов.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы