Базарда құжатсыз автобөлшектер сатуға тыйым салынады – Тұрғымбаев

Базарда құжатсыз автобөлшектер сатуға тыйым салынады – Тұрғымбаев

Автокөлік бөлшектері мен саймандары енді тек қана арнайы дүкендерде сатылуы заңмен бекітіледі. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында автокөлік құралдары ұрлығымен күрес бойынша ТМД елдерімен ықпалдасу жөніндегі келісімге түзетулерді ратификациялайтын заң жобасын талқылау барысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көлік бөлшектері сияқты бұрын қолданыста болған тұтыну тауарларын қабылдау мен сату саласында бақылау күшейтілетінін айтты.

– Қазір ел аумағындағы ішкі сауда-саттық бойынша біз бірқатар заңнамалық бастамалар көтердік. Былтыр маусым айында автокөлік бөлшектері тек қана арнайы дүкендерде сатылуы тиіс деген норма енгізілген. Енді біз сол арнайы дүкендер бойынша бақылауды күшейттік, – деді Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, автокөлік бөлшегін нарыққа саудаға тапсыру үшін оны иесі өз жеке куәлігі мен бөлшек шешіп алынған автокөліктің техникалық куәлігін ұсынуы тиіс.
– Сонда біз нарықта қандай автобөлшек сатылатынын және оны кім өткізгенін біліп отырамыз. Екінші мәселе, жақын арада Мәжіліске азық-түлікке жатпайтын бұрын қолданылған тауарларды қабылдау мен сату заңдарын бұзу құрамын айқындайтын норма енгізіледі. Ол норма бойынша осы тәртіптерді бұзу деректеріне қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша, біз елдегі бұрын қолданыста болған автокөлік бөлшектерінің нарығын заңды тәртіпке келтіреміз,  – деді министр.