Аптаның алғашқы күні облыс басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мереке күнімен құттықтап, су жаңа жүрдек автокөліктердің кілттерін тапсырды. Қазынадан қарастырылған 1,1 миллиард теңгеге сатып алынған 136 қызметтік автокөліктің арқасында облыстық полиция департаментінің қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілуі 98,7 пайызға жетті.
Тәртіп сақшысының міндеттерін атқаруға қажетті деп саналатын барлық керек-жарақпен жабдықталған автокөліктер полицияның телімдік инспекторларына, патрульдік қызметтегілерге, қалалық, аудандық полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне және уақытша оқшаулау орындарына берілді. Алматы облысында полицияны жарақтандыру, оның ішінде автокөліктермен қамту жақсы жолға қойылған. Былтыр ғана 607,6 миллион теңгеге 102 қызметтік көлік алған болатын.
– Қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметінде ұсақ-түйек деген болмайды. Бұл салада күн сайын өзіне жүктелген міндетті атқаруға кірісетін әрбір тәртіп сақшысының жұмысы аса маңызды. Азаматтардың тыныштығы мен қорғалуы әрбір полиция қызметкерінің жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Мемлекеттің қолдауы арқасында алға жылжыған жылдармен бірге ішкі істер органдарының материалдық-техникалық қамтылуы барынша нығайып келеді. Полиция қызметкерінің тұрмыстық және қызметтік жағдайы да жақсара түскен. Соңғы екі жылда ғана осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 31 миллиард теңге бөлінгені бұған айғақ бола алады. Осы қомақты қаржының 4,5 миллиард теңгесі материалдық-техникалық базаны жақсартуға жұмсалған. Сондықтан сіздерден күтетініміз – өз міндеттеріңізге деген жауапкершілік пен жұмыс сапасын арттыру. Сонда ғана қылмыс пен құқықбұзушылық азайып, халықтың сенімі арта түседі, – деген Амандық Ғаббасұлы қызметтестерінің алдынан көрінген тәртіп сақшыларын Құрмет грамотасымен марапаттады.
Алматы облысында өңірдегі полиция қызметінің тиімділігін барынша арттыру мақсатында телімдік инспекторларға баспанамен біріктіріліп салынған 177 полиция бекеті пайдалануға берілгенін де атап өткен жөн. Алдағы кезде осылай тағы 43 бекет салынып, 2020 жылы облыстағы барлық ауылдық аумақтардағы полицияның телімдік инспекторлары тұрмысқа қолайлы, қызметке ыңғайлы тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі кезде жергілікті полиция қызметкерлерін кеудеге тағылатын бейнежетондармен қамтамасыз ету жалғасуда. Бұл мақсатқа 370,2 миллион теңге бөлініпті, таяу күндері тағы да 860 бейнежетон сатып алынбақ. Сонымен бірге, жергілікті полиция қызметкерлері электронды хаттамалар толтыру үшін принтерлері бар 954 планшет, бірге алып жүретін 400 радиостансымен жарақтанады. Облыстағы аудандар мен қалалардың қоғамдық орындарына полиция департаментінің жедел басқару орталығы арқылы қадағаланатын бейнебақылау камераларын орнату жалғасуда. Биыл Қапшағайда 300, Қаскелеңде 150 және Жаркентте 50 бейнебақылау камерасы қойылады. Сонымен бірге, Талдықорған қаласы мен Бақанас, Кеген, Шонжы ауылдарына барлығы 515 камера орнатуға жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаржы қарастырылыпты. Талдықорғандағы процессингтік оралықтың серверлік жабдығын жаңарту да жоспарланып отырған көрінеді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы