Арыстағы апат: 100-ден астам адамнан жауап алынды

Арыстағы апат: 100-ден астам адамнан жауап алынды

Апат айтып келмейді. Дүйім жұртты дүрліктірген Арыс қаласындағы жарылыс жуық арада санамыздан өшпесі анық. Көк түтінге оранған қала, зар еңіреп, үйін тастай қашқан халық. Мұның бәрі атыс-шабыс киноларындағы көріністі көз алдымызға келтірді.

–           Жағдай бұдан да ауыр болар еді – дейді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында. Өйткені теміржолда түрлі сұйық заттар сақталған 460 цистерна болыпты. «Олардың жарылмауы таңғаларлық жағдай» – деді ол.

Қазіргі таңда саперлер Арыс қаласы мен оның маңынан 12 мыңнан астам жарылғыш зат тапқан. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің мәліметінше, Арыста болған жарылыстан 3 адам қаза тапты. Оның екеуі – әскери қызметкер, біреуі тұрғын. 50 адам ауруханада жатыр. Өкінішке қарай, олардың арасында балалар мен ауыр жарақат алғандар бар.

– Мемлекет басшысы бірнеше міндет қойды. Біріншісі – бүлінген ғимараттар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру. Қазір қалада барлық жүйелер жұмыс істеп тұр. Электр қуаты, сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің алдын алу шаралары жасалды. Арыста әлі де 1300-ге жуық сапер жұмыс істеп жатыр. Қаланың бірнеше жерінде өрт болғанын білесіздер. Сондықтан снарядтардың жарылу қаупі төмен. Тұрғындарға снаряд бөлшектер кездессе, не істеу керегі түсіндіріледі – деді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.

Қорғаныс министрлігіне жүктелген міндеттердің бірі – Арыс арсенал қоймасын толығымен жою болып отыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыстан келген жалпы шығын – 20 миллиард теңге. Алайда Владимир Беккер бұл санның алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін айтты.

Арыстағы оқ-дәрілердің жарылу оқиғалары бойынша Қылмыстық кодекстің 462 бабының 3-бөлігі бойынша сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бас әскери прокурордың орынбасары Дархан Ержанов Арыс қаласындағы жарылысқа қатысты қозғалған қылмыстық іс ұзақ тергелуі мүмкін екенін жеткізді.

– Қару-жарақпен, оқ-дәрiмен немесе қауіп төндіретін өзге де заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзып, бұл абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жағдайда – күдіктіні бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді ол.

Қазіргі таңда оқиға орны тексеріліп, келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Осы уақытқа дейін 100-ден аса адамнан жауап алынған. Мұнымен қоса, өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және басқа да себептер қаралып жатыр. Бас әскери прокурордың орынбасары оқ-дәрі сақталатын қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражаты қаншалықты дұрыс пайдаланылғаны қаралатынын айтты.

Қылмыстық істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған жедел тергеу тобы құрылған. Азаматтардың конституциялық құқын сақтау, қылмысты тез арада ашу және кінәлілерді анықтау мақсатында тергеуге жергілікті прокуратура қызметкерлері де қатысып жатыр. Тергеу барысында адам өліміне не себеп болғанына баса назар аударылмақ.

   –– Тергеудің бастапқы сатысында болған оқиғаның мән-жайына баса назар аударылады. Оның ішінде адамдардың мерт болу салдарын анықтау ісі бар. Қазір оқиға орнын қарау және іске қатысты құжаттарды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келтірілген залал мөлшері де анықталуда. Осы күнге дейін 100-ден аса адамнан жауап алынды.  Өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы, лауазымды тұлғалардың салғырттығы сынды алдын ала болжамдар зерттелу үстінде. Апаттың нақты себебі тергеуден кейін белгілі болады, – дейді ҚР Бас әскери прокурорының аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахмет.



Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ