Ынтымақтастық ықпалы

Ынтымақтастық ықпалы

Тараптар екі ел арасындағы қа­рым-қатынастарды, соның ішінде, парламентаралық ық­пал­дастықты нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады.

Мәжіліс спикері Қазақ­стан­ның Еуропадағы басты серік­тес­терінің бірі ретінде Австриямен ын­тымақтастыққа ерекше мән бе­ретінін атап өтті. Бұл ретте Нұрлан Зайроллаұлы Еуропалық одақ аз уақыт бұрын қабылдаған Орталық Азия бойынша стра­те­гия қазақстандық-австриялық өзара іс-қимылдың өңірлік фор­мат­та да нығаюына септесеріне се­нім білдірді.

Н.Нығматулин Қазақстан Президентінің кезектен тыс сай­лауын биылғы жылдың ең маңыз­ды саяси оқиғасы ретінде атай келе, жаңа сайланған Мем­лекет басшысы Елбасының стра­­­тегиялық бағытын одан ары жалғастыратынын еске салды.

Тараптар қос мемлекет ара­сындағы саяси-экономикалық бай­ланыстарды нығайту жайын сөз етті. Халықаралық серік­тес­термен қатынастарды да­мыту­дың маңызына тоқталған Мә­жіліс төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іргесін қалаған қазақ­стандық сыртқы саясаттың бас­ты бағыттары өзгеріссіз қала­ты­нына да екпін түсірді.

Палата спикері Австриямен ын­тымақтастықтың келешегі зор салалары қатарында ауыл шаруашылығын, цифрлық эко­номиканы, инфра­құры­лым­дық дамуды, энергетиканы, «жасыл» технологияларды, инвестиция­лық жобаларды атады.

Өз кезегінде мәртебелі мей­ман мемлекетімізге алғаш рет са­пармен келіп отырғанын, Қа­зақстанның және елорданың даму қарқыны таңғалдырғанын жеткізді.

Кездесушілер парламентара­лық әрекеттестік – қазақстан­дық-австриялық қарым-қа­ты­настың маңызды бөлігі болып саналатынын алға тарта отырып, заңнамалық тәжірибе алмасу үшін парламенттердің бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасында ты­ғыз байланыс орнатуға мүд­де­лестік танытты.

Нұрлан Нығматулин авст­риялық әріптестерін 23–24 қыр­күйекте, Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріп­тестік» тақырыбында өтетін Еу­разия елдері парламенттері спи­керлерінің IV кеңесіне қа­тысуға шақырды.