Көпқабатты үйдің құрылысымен танысты

Көпқабатты үйдің құрылысымен танысты

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаттары Қанат Мусин, Шавхат Өтемісов келді. Мәжілісмендер Зашаған кентіндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының негізгі мақсаты – халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыру.

«Жалпы, Орал – Саратов трассасы бойында бекітілген құжатқа сәйкес 9 үй салу жоспарға енді. Оның бүгінгі танда 7-еуі салынуда». Аталған үйлерден бас­қа осы жылдың төртінші тоқсанында Зашаған кентінде кезекте тұрған әлеу­меттік осал топтарға арналған құрылыс нысаны пайдалануға берілетінін айтты облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.

Шағын ауданда тағы да 3 көпқа­батты тұрғын үйдің құрылысына құжат­тама жасақталып жатыр. Жалпы айт­қанда, осы жылы 774 пәтер қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарта түсуіне игі ықпал ететіні анық.

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сында қазіргі таңда елімізде мыңдаған пәтер салынып жатыр. Нәтижесінде, көптеген жерлестеріміз баспаналы бо­лу­да. Бәрімізге белгілі соңғы уақытта көп­балалы отбасыларды тұрғын үймен қам­тамасыз ету жұмыстарына баса на­зар аударылып келеді. Съезд барысында Елбасы Үкіметке «Нұрлы жер» бағдар­ла­масын кеңейтіп, оның аясында көп­ба­лалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салуды тапсырды. Бұл шараға жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болады, – деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.

Спикер сондай-ақ барлық қаражат көпбалалы отбасыларды тұрған үймен қамтамасыз етуге жұмсалатынын атап өтті. Оның сөзінше, биыл 80 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құ­ры­лысы бағдарламасымен баспаналы болмақ. Сөз соңында депутат Шавхат Әнесұлы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының алға қойып отырған бас­ты мақсаты халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру екенін айта ке­ле, келешекте баспана мәселесі то­лық­тай өз шешімін табатынын жеткізді.