Қаланың қарқынды урбанизациялануы, аумағының кеңеюі ондағы транспорт түрлерінің де артуына ықпал етеді.
Алматыдағы метро да соның дәлелі. Тәуліктің қай уақытында бас сұқсаңыз да жерасты пойызынан орын табу қиын. Демек, үлкен сұранысқа ие. Сірә, елордадағы LRT құрылысы да содан басталған. Бірақ дәл қазір бас шаһардағы бұл проблема жайлы басы артық сөз айтып уақыт шығын етпейік. Айтпағымыз Алматы жайында. Алматыда да жеңіл рельсті транспорт құрылысы әне басталады, міне басталады дегелі біраз болған. Әкімдік ара-тұра төбе көрсетіп, міне былай істегелі жатырмыз дегендей интернетте болашақ жобаның суреттерін жарқ-жұрқ еткізіп қоятын. Бұл туралы газетімізде «Алматыға трамвай қашан оралады?» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанбыз. Енді соны індете түсу үшін жазу үстеліне отырғанымыз сол еді, «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрғасының орынбасары Айдос Көбетовтің мәлімдемесін оқып қалдық. Онда Көбетов жобаның екінші кезеңде тұрғанын айтады. «Яғни жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тетігі бар, бұл ретте әріптестердің өздері тиісті қаржылық-техникалық, заңгерлік шешімдерді ұсынады. Алматыда жеңіл рельсті көлік желісін (LRT) 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр» дейді ол. Басқарма төрағасының сөзінен соншалықты су жаңа ақпарат таппадық. Бірінші конкурс нәтижесі бойынша 9 компанияның ішінен 4 компанияның оза шапқанын бұған дейін де жазғанбыз. Дайындықтың қызу жүріп жатқанына қарамастан, құрылысты аяқтау мерзімі 2022 жылдан 2023 жылға жылжытылған. Енді конкурстан үздік шыққан 4 компания жергілікті инженерлермен бірге болашақ бағыттың картасы, инженерлік желілердің сызбасымен жіті танысуы тиіс.
– Осы жылы жеке серіктестермен келісімге келіп үлгеру қажет. Бұдан кейін конкурс жеңімпазына жобалау жұмыстарын жүргізу үшін 365 күн уақыт береміз. Егер олар бұл мерзімнен де бұрын аяқтаса, мемлекеттік экспертизадан өтіп үлгерсе, тіпті жақсы. Одан кейінгі 3 жылда құрылыс жұмысы және жобаны пайдалануға беру процесі қарқынды жүргізіледі. Сонымен қатар стансаларды, депоны, байланыс желілерін реттеу, жылжымалы құрамды жеткізу мәселелері бар. Қазіргі технология бойынша күніне 100 метр құрылыс жүргізе аламыз. Жалпы 22,7 шақырымға созылады, – дейді «АлматыЭлектроТранс» ЖШС бас директоры Ғани Тәжиев.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Алматыдағы жеңіл рельсті транспорт құрылысына 94 203 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Дегенмен LRT құрылысы жалпы тәжірибеде аса қымбат жоба саналады. Мәселен, Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысының бәрібір аяқталатынын жеткізген еді. Ал «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, құрылысты соңына дейін жеткізу үлкен шығынға алып келеді. «Оны соңына дейін аяқтаған күннің өзінде, бұл экономикаға үлкен соққы болмақ. Ол орны толмас шығын болмақ әрі бюджеттің қалтасын тақырлап тастайды. Одан да құрылысты тоқтатып, басқаша шешім қабылдау керек сияқты» деген еді.
Елорда ғана емес, ел экономикасына салмақ түсіргелі тұрған бұл жағдай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңіліне жақпаған.Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Алматыдағы жеңіл рельсті транспорт құрылысына 94 203 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Дегенмен LRT құрылысы жалпы тәжірибеде аса қымбат жоба саналады.
– Ыңғайлы, түсінікті, қолайлы транспорт жасаудың орнына LRT сияқты көліктің қымбат түрі ұсынылды. Мамандардың, архитектуралық қауымдастықтың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдік мәліметінше, тәулігіне тасымалданатын адамдардың болжамды мөлшері – 146 мың. Ал дәл қазір LRT жүргізілетін бағытпен – әуежайдан жаңа вокзалға дейін әрі кетсе 2 мың адам тасымалданады. Ал сонда сіздер жолаушылар ағынын 70 есеге қалай көбейтпексіздер? Енді бұл жоба үнемі субсидия алып отыруға алып келеді және тұтастай мемлекетке ауыртпалық түсіреді. Бұған дейін туындаған шығындар мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, жобаны тоқтату мүмкін емес екенін түсінеміз. Үкіметке әкімдікпен бірлесе отырып бұл жобаның шешімін табу туралы тапсырма беремін, – деген еді Мемлекет басшысы.
Бұл пікірден соң Алматыдағы LRT құрылысы да Нұр-Сұлтандағы кепті кимес пе екен деген қауіп туындайды. Мегаполисте құрылыс әлі басталған жоқ. Осы орайда белгілі экономист Шолпан Айтенованың пікірін білген едік. Оның айтуынша, шығыны орасан болатын мұндай жобаны қолға алғанша қаладағы кептеліс мәселесі мен адам тасымалдаудың жаңа шешімі болатын өзге идеяларды жүзеге асыру қажет.
– Жоба құны ертеңгі күндегі оның тиімділігіне қаншалықты кепіл болады деген сауал туындайды. Сондықтан оның пайдасын алдымен есептеп алмай тұрып мұндай аса ауқымды инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға болмайды деп есептеймін. Өзге елдерді алатын болсақ, олар бірнеше жыл бойы жобаны әбден зерттеп, зерделеп шығады. Жобаның қалаға қандай пайдасы бар, қандай салаларды жандандырады деген мәселелерді басты назарға алады. Сосын қоғаммен де келіседі. Егер қоғам қолдамаса, онда жобаны жүзеге асырмайды. Негізі мұндай ірі жобаларды біз қарызға саламыз. Елордадағы LRT да – соның дәлелі. Жоба біткен соң 20-30 жылдай келер ұрпақ сол қарызды өтейді. Сол себепті, мұндай үлкен сомадағы қарыздануға адамдар, жастар келісе ме, жоқ па, соны біліп алу маңызды, – дейді экономист.
Маманның айтуынша, осындай жобалардың пайдасы мен тиімділігі оған жұмсалған шығыннан екі-үш есе асып түсуі тиіс. Яғни, сол саланың мамандары пайда мен тиімділік мөлшерін валюта жүзінде есептеп шығаруы керек. Бұл ретте маман Стамбұлдағы трамвай жағдайын мысалға келтіреді.
– Менің ойымша, дәл осы жобаға альтернатива ретінде қоғамдық транспортты дамыту керек. Жаңадан жоба бастаудың қажеті шамалы. Бұрынғы рельстерді қайтарып, трамвай жүргізсе де болушы еді. Мәселен, 1960 жылдары Стамбұл да трамвайдан бас тартады. Алайда одан кейінгі 30 жыл ішінде шаһардағы экологиялық жағдай да ушығып кетеді, кептеліс те шешілмей қойған. Содан 1991 жылы трамвай желісін қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл үлкен қаладағы бірнеше проблеманы әп-сәтте шешті. Бізге де осылай ету қажет сияқты. Шаһардың әбден бүлініп коллапсқа ұшырауын 30 жыл күтіп отырмай, ежелгі трамвайларды жаңғырту абзал болар еді, – дейді Шолпан Айтенова.
Ал «АлматыЭлектроТранс» басшысының сөзінше, LRT – қаладағы экологиялық жағдайды түзейді, жол апатын азайтады және жұмыс орындарын көбейтеді.
– Заманауи транспорттың қолданысқа енгізілуі – Алматы жолдарындағы жеке автокөліктер мен автобустардың азаюына мүмкіндік береді. LRT – қалалықтар үшін ерекше әлеуметтік маңызы бар жоба болғандықтан, оны басқа транспорт түрлерімен бәсекелес деп айтуға болмайды. Ол қаланың батысы мен шығысын жалғайды. Жолай университет, колледж, мектеп, аурухана сияқты маңызды нысандарды қамтып өтеді. Жоба басталған соң көп адам көліктерін тастап LRT-ға отырады және біздің жолдардағы қысым азаяды деп сенеміз, – дейді Ғани Тәжиев.
Қалалықтар енді осы әдемі сөздердің іс жүзінде расқа айналуын тілейді. Әйтпесе, дәл осылай «әп-әдемі» басталған талай жоба орта жолда тоқтап тұр. Біздікі Алматыдағы LRT бас шаһардағыдай «адам қолымен жасалған «ерекше туындыға» айналып кетпесе екен деген ой ғана.