«Жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады. Шағын айналма жол жобасы да сонда бітеді. Қысқасы ағайын, жолдарымыз жақсарады» деп сөз берді 2019 жылғы 20 ақпандағы халыққа есеп беру кездесуінде елорданың сол кездегі әкімі Б.Сұлтанов. Артынша, сәуір айында жеңіл рельсті желі құрылысы тоқтап қалғаны мәлім болды. Қымбат LRT жобасының ендігі тағдыры кеше Үкімет отырысында қаралды.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің жиынында осының алдында, 15 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мәселелері қаралды. Ал ол жиында қатаң сынға іліккен жайттардың бірі – LRT құрылысы болатын.
Сонда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы шенеуніктер мен жергілікті әкімқараларға бюджет қаржысын пайдалану тиімділігін арттыруды жүктеген-тін. Қ.Тоқаев «бюджет жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу құралына айналмағанын, ол жұртшылықтың шынайы мұқтаждықтарын толыққанды есепке алмайтынын» ашық айтты.
Әйткенмен, аталған жобаға тым көп қаржы жұмсалып қойғанына, оған Қытайдан мол кредит алынғанына, яғни Қазақстанға халықаралық міндеттеме жүктелгеніне байланысты Мемлекет басшысы бұл жобаны тоқтатып тастай алмайтынын жасырмады.
Бұл ретте Үкімет Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен тізе қоса отырып, осы мәселеге нүкте қоюға міндеттелді. Алда олар ел басшылығына нақты ұсыныстармен шығулары тиіс.
Кезінде осы қымбат әрі зиянды жобаны ұсынып, ел басшылығы және Парламент алдында оның қажетін дәлелдеген жауапты тұлғалар тергеуге алынуы, құзырлы органдардың сұрақтарына жауап беруі тиіс. Бұл да Қазақстан Президентінің тапсырмасы.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, кезінде Астанада LRT салу үшін мемлекеттің кепілдігі беріле отырып, Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен 1,5 миллиард доллар көлемінде қарыз алыныпты. Оның 344 миллион доллары (шамамен 133 миллиард теңгесі) құрылысқа шығындалып кеткен. Осылайша, қытайлар қазақтарға қарыздың бестен бір бөлігін ғана жолдап үлгеріпті.
«Қазіргі уақытта жоба мердігерлеріне – қытайлық компанияларға қатысты проблемалар тууына байланысты қаржыландыру схемасын қайта қарау жөнінде шешім қабылданды. Қытай банкі бұл желіні қаржыландыруды тоқтатты. Біз Үкіметте елорда әкімдігінің қытайлық банктің сол қарызын қайта қаржыландыру жөніндегі ұсынысын қарадық», – деді жақында журналистерге берген сұхбатында бас қаржыгер.
2019 жылғы 28 мамырда ел Үкіметі «Мемлекеттік кепілдікпен берілетін мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылатын инвестициялық жобалардың 2019 жылға арналған тізбесін бекіту» туралы №327 арнайы қаулы қабылдады. Құжатта «Астанадағы жаңа көлік жүйесі. LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі учаске)» жобасының жалпы құны 698 миллиард 559 миллион 957 мың теңге немесе 1 миллиард 887 миллион 999,8 мың доллар тұратыны көрсетілген. Оның басым бөлігіне – 1 миллиард 600 млн долларына мемлекет кепілдік берген, басқаша айтқанда, қазіргі салық төлеушілер мен келер ұрпақ өтеуі шарт.
Қаулыда бұл жобаға қаржы тарту үшін «бағалы қағаздардың ішкі нарығынан инвесторлар» ізделетіні айтылған.
Оның үстіне шығыстағы алпауыттан алынған қарыздың бір бөлігі жабылып қалған банкте «күйіп» кеткені де әшкереленіп жатыр. Елорда әкімдігі құрған жеңіл рельсті көлік жобасына жауапты «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қытайдың мемлекеттік банкінен келген аста-төк кредиттің 89 миллиард теңгесін «Астана банкінің» депозитіне орналастырыпты. Жуырда ол банк жабылып қалды. Биылғы мамыр айында «Проблемалы кредиттер қоры» оның тек 3,4 миллиард теңгесін әзер қайтарып алды.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың байламынша, жалпы алғанда, 90 миллиардтай қаражаттың ең көп дегенде үштен бір бөлігін ғана қайтару мүмкін болады. Қалған миллиардтаған қаражатты мемлекет шығынға жатқызуға мәжбүр болатынға ұқсайды.
– Бүгінде «Проблемалық кредиттер қоры» осы қаржыларды өтеу мүмкіндігін іздестіруде. Бұл жұмыстың алғашқы қорытындылары шығарылды. Алайда негізгі жұмысты алдағы 2 жыл – 2020-2021 жылдар бойы жүргізуімізге тура келеді. Депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы мүмкін сомасы біздің есебімізше, 30-40 пайыздан аспайды, – деді Е.Досаев.
Кеше Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек те LRT үшін алынған қаржыны банкрот болған банктен қайтару амалдары қарастырылып жатқанын растады. Ал жобаға қатысты ақырғы шешім әзірге белгісіз.
– Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын жүзеге асыру жайына тоқталсақ, қазіргі уақытта елорда әкімдігі «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-мен, Ұлттық банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, «Астана банкі» акционерлік қоғамының қарыздар алу мәселесін қарастырып жатыр. Жобаны одан ары іске асыру мәселесі 24 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралатын болады, – деді Ж.Қасымбек.
Вице-премьердің сендіруінше, Қазақстан Президентінің кеңейтілген отырыста берген тапсырмалары Үкіметтің арнайы бақылауында және бекітілген уақытында орындалады.
Министрлер кабинеті кешегі отырыста бекіткен «Мемлекет басшысының 2019 жылғы 15 шілдедегі кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес, Үкімет елорда әкімдігімен бірге, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті көлік жобасын ары қарай жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстарды 2019 жылдың қыркүйек айына дейін енгізуі керек. Бұл жерде LRT құрылысынан толық бас тартып, қала ажарын бұзған бетон тіреулерді бұзу жайы тіпті талқыланбайтыны анықталуда. Өйткені «жоба құрылысын аяқтау бойынша шаралар қабылдау» міндеті белгіленіп жатыр.
Рельсі жеңіл болғанымен, «жолы» ауыр LRT құрылысын жалғастыру және аяқтау үшін мемлекет құнды қағаздар шығарып, оларды биржада саудаға шығармақ. Сол арқылы кезекті рет қарыз ақша тартылады деп күтіліп отыр. Егер «LRT Астана» облигацияларына инвесторлар тиісті қызығушылық танытса, 1,5 миллиард доллардай қаражат тартылуы қажет. Оның 344 миллион доллары Қытай алдындағы берешекті жабуға жұмсалады. Қалған 1,2 миллиарды құрылысқа бағытталмақ.
Бұрынғы жоспар бойынша бас қалада шағын «пойыздар» биік эстакадада 2020 жылдың маусым айында-ақ жүйтки бастайды деп жарияланған. Қазақстан үшін жаңа саналатын бұл көліктің жобасы 18 стансадан, 19 жылжымалы құрамнан және елорданың халықаралық әуежайы жанындағы деподан тұратыны мәлімделді.
Енді миллиардтар толық табылса, елорда әкімдігі шұғыл іске кірісіп, жобаны 2020 жылдың күзінде іске қосуға уәде етті.