Кімнің қарызы кешіріледі, кім кешіреді?

Кімнің қарызы кешіріледі, кім кешіреді?

Мемлекет басшысының өмірлік қиын жағдайда қалған қазақстандықтардың борыш жүктемесін азайту жөнінде Жарлығын халық жақсы қабылдады. Несиесін өтей алмай қиналып жүргендер бұл жаңалықты несиеміз жабылады деп түсінгені рас. Алайда бұл жеңілдік несие алушылардың белгілі бір тобына ғана арналған-ды. Ол жөнінде жарлықта егжей-тегжейлі жазылған.

Бұл жеңілдік екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйым­дарына кепілсіз тұтынушылық қарызы бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағ­дайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, же­тім балалар, ата-анасынан кә­мелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Олар­дың қарыз бойынша жалпы бе­решегі 2019 жылғы 1 маусым­дағы жағдай бойынша 3 000 000 тең­геден аспайтын болуы керек.

Айта кетерлігі, бұл – бір реттік акция. Мұны 15 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Президент қадап айтты. Өйткені несиені кешіре беру, нарықтық экономика заңына қайшы және бюджетке салмақ салады.

Президенттің жарлығында тиісті мекемелерге табысы күн­кө­ріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыздар беруге тыйым салу ту­ралы да тапсырма берілген. Ол туралы сәл кейінірек. Әуелі ке­шірілетін несие туралы айтсақ. Сонымен, Жарлық жария болы­сымен елдің бәрі банктердің ма­з­асын алды. Соны сезгендей, Жар­лық күшіне енген күннің ер­тесіне Ұлттық банк төраға­сы­ның орынбасары Олег Смоляков несиесі кешірілетін отбасыларға банктерге барудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінен мә­лімет алғаннан кейін, Ұлттық банк мемлекеттік бюромен, банктермен қосылып 1 маусымға дейінгі мәліметтерді ала отырып, барлық цифрды салыстырады. Қарыз алушылардың ішінде әлеуметтік көмек алатындардың айыппұлдары мен өсімпұлдары қаралады», – деді ол.

 

Қарыз кешіру рәсімі
18 қыркүйекте аяқталады

Яғни, несиемді кешір деп банк­ке яки басқа мекемеге жүгі­нудің қажеті жоқ. Кімнің несиесі кешірілетінін Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау минис­трлігі анықтайды. Жарлықта аталған санаттарға сәйкес келетін азаматтардың тізімін қалып­тас­тырады. Бұл тізім Мемлекеттік кредиттік бюроға ұсынылады, ол екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен борышкерлер тізімін қалып­тас­тырып, берешек соманы есептеп, ол ақпаратты Проблемалық не­сиелер қорына береді. Қор әрбір екінші деңгейлі банкпен және мик­роқаржы ұйымдарымен 9 та­мызға дейін берешекті өтеу ту­ралы келісім жасайды.

Сондай-ақ аталған тізім не­гі­зінде қор өтінім қалыптастырып, оны қайтадан Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лі­гіне қаржыландыру үшін ұсына­ды. Министрлік үш жұмыс күні ішінде қаражатты қорға аударады.

Аталған министрліктің ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, 2019 жылғы 2 қыркүйекке дейін Қор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақша аударып, азаматтардың қарыз­дарын 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейін өтейді де, борышкерлерді берешектің өтелгені және бе­решек қалдығының мөлшері туралы хабардар етеді.

Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары 9 қыр­күйекке дейін қарыздар бойынша төлемдер графигін қайта қарайды және қорға әрбір борышкер бойынша берешектің өтелгені және оның қарызы туралы ақ­па­ратты ұсынады. Қор 13 қыр­күйек­ке дейін Ұлттық Банк пен пен Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне бере­шектің өтелгені мен берешегі өтелген адамдардың тізімін ұсынады.

Яғни, бұл процеске борыш­керлер араласпайды. Барлық жұ­мыс олардың сыртынан атқары­лады. Ал борыш жүктемесі азай­тылғанын білгісі келгендер 18 қыр­күйектен бастап, яғни барлық рәсім аяқталған соң «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласып немесе Электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.

   

Қаржы қайдан беріледі?

Несие қарызы кешіріледі де­ген сөз шыққанда, оны сіз бен біз төлеген салықтан төлеуге қарсы екенін білдіргендер аз болған жоқ. Несие алып, уақытында тө­леп жүргендер өздеріне әділет­сіздік жасалғандай күй кешкені рас. Бірақ өтелмеген несиені кешіру әлемдік тәжірибеде бар. Арыға бармай, былтыр банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында қарызгер ретінде қара тізімге кір­ген Грузияның 600 мыңға жуық азаматына жасалған несие ра­қымшылығын айтуға болады. Осылайша, Грузия мемлекеті жал­­пы 565,3 млн долларды құраған өтелмеген несиені басы бүтін жойып тастады. Қарызы жойыл­ғандар қатарында әлеуметтік қорғалмаған 150 мыңдай азамат болған. Он мыңнан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар екен. Грузия қарызды жою шарасын 15-31 желтоқсан арасында, екі аптада реттей салды. Себебі, ми­нистрлер кабинеті бұл бастаманы ұзақ зерттеп-зерделеп барып қол­ға алған. Ал бізде өтелмеген не­сиелердің белгілі бір бөлігі, яғни несие қарызы бар бір адамның 300 мың теңгесі ғана кешіріледі. Осы мақсатта 105 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Оның 17 мил­лиарды проблемалық несиелер қорының облигацияларын сату­дан түссе, қалған басым бөлігі республикалық бюджеттен алы­на­ды. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2019 жылға арналған респуб­ликалық бюджетте осы мақсатта 88,5 млрд теңге, сондай-ақ төлем қызметтерін көрсеткені үшін комиссияны жабуға 707 млн теңге көзделген.

Қаласақ та, қаламасақ та, қоғамның әлсіз тобы өтей алмаған несиені кешіруге жұмсалатын қаржының басым бөлігі бәрібір бюджеттен бөлінетін болды.


Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы 
заң қабылданса...

Сарапшы, Zertteu орталығы­ның директоры Шолпан Айте­но­ваның пікірінше, бұл акцияны жариялаудан бұрын оған негіз болар заңнамалық база жасалуы керек еді.

– Бұл шараға қатысты пікірім екі түрлі. Бір жағынан, біз екі жыл­дан бері банк жүйесін мем­лекет қаржысы есебінен 2 трлн теңгеге құтқарып қалдық. Ал егер жеке тұлғалар банкрот болып, банк алдындағы өз міндет­те­ме­лерін атқаруға қабілетсіз болса, онда аз қамтылған 250 мың адам­ның несиесін неге кешірмеске? Оның үстіне Хорватия, Грузия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде несие мен салық қарызына жа­салған рақымшылық мысалдары бар. Екінші жағынан, 5 млн қа­зақстандықтың тұтынушылық несиесінің көлемі 4 трлн теңгеден асып кетті және бір реттік акция тұрғындардың несие мәселесін шешпейді. Менің пікірімше, бұл шараны қолға алмас бұрын, ол шараға негіз болатын жеке тұл­ғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы керек еді. Сонда бұл заң аталған акцияны өткізуге негіз болып, акцияға несиесі ен­бей қалған халықтың несиесінің бір бөлігін кешіруді талап ету тәуекелінің алдын алар еді, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ертеңгі күні акцияға кірмей қалғандардың бізге де жеңілдік жасалсын деп талап етпесіне кепіл жоқ.

– Тұтастай алғанда, айтылып жатқан әлеуметтік мәселелерге кедейшілік пен халық табысының төмендігі негіз болды, ал біз дәл осы мәселеге жеткілікті көңіл бөле алмадық, – дейді Ш.Айте­нова.

Президенттің несиені кешіру туралы жарлығында табысы күн­көріс деңгейінен төмен аза­мат­тарға несие беруге тыйым салу туралы тапсырмасын орындауға Үкімет кірісіп те кетті. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, «Банктер мен банктік қызмет туралы» заңға және «Ми­кроқаржылық ұйымдар туралы» заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комис­сия­ларды және өзге де төлемдер есеп­теуге тыйым белгілеу бо­йын­ша түзетулер енгізіледі. Бұл тү­зе­тулерді Ұлттық банк Парламент­тің қарауына алдағы қыркүйекте енгізбекші.

– Азаматтардың борыш жүк­темесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндет­теме­лері, оның төлем қабілеті мен әлеуметтік мәртебесі есепке алы­нады. Мәселен, борыш жүктемесі коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кә­мелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күн­көріс мөлшері шегеріледі. Пруденциялық реттеу аясында кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталады», – деді Е.Досаев.

Түйін

Бізде бір комплекс бар: кедейшілік барын мойындағымыз кел­мейді. Өтелмей қалған несиенің өсуі кедейшілік көрінісі емей немене? Демек, бізге бұдан кейін де өтелмеген несие көлемі көбейіп кетпес үшін кедей­ші­лікпен күресуге жіті көңіл бөлу қажет шығар? Бәлкім екі мыңыншы жыл­дары жұмыс істеп кейін «өз міндетін атқарды» деп тоқтатылған кедей­ші­лікпен күрес жөніндегі бағдарламаны жаңғырту керек болар? Әйтпесе, бар­мақ басты, көз қыстымен несие алған тұтынушы мен несие берген банк қызметкерлерінің жауапсыздығынан жинақталған өтелмеген несиелерді қашанғы бюджет есебінен жабамыз? Бұл жолғы бір реттік акцияда кімнің қарызы кешіріледі, ол қарызды кім кешіреді деген сауалға жауап іздесек, қоғамның әлсіз тобының қарызы кешірілетінін көріп отырмыз, жөн делік. Ал оны кім кешіреді, әрине, халық. Себебі, бюджеттен бөлінген 88,5 млрд теңгеде халықтың үлесі жоқ дей алмаймыз. Ал егер осы шара барысында несие қарызын кешіруге екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар да үлес қосқанда таразы басы тең түсер еді. Олай болмады. Әдет­тегідей, бұл шарада да қаржы институттарының ұпайы түгел шықты.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ