5-6-шы қыркүйекте Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Фариза» спектаклінің премьерасы өтеді. Осыған орай пьеса авторымен сұхбаттасқан едік.
– Апаймен көзі тірісінде жақсы байланыста болдыңыз, ол кісі сіздің шығармашылығыңызды ерекше құрметтеді. Бұл шығармаңызды оның ықылас-ниетінен, сіздің сағынышыңыздан туды деуге бола ма?
– Солай деуге де болар. Әр ұлттың қаһарман тұлғалары болатыны сияқты, өнер әлемінде де әр дәуірдің өз кейіпкерлері болады. Өз заманы, өз уақыты оларды бағалай да, бағамдай да алмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тарих өз бағасын береді. Фариза Оңғарсынова да қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы. Тағдырлы тұлға! Табиғаты бөлек, топты жарып оза шапқан дара жаратылыс. Ол кісінің көзі тірісінде бір сұхбатта айтқаным бар екен. «Қазақта ақын қыздар көп, бірақ Фариза – жалғыз» деп. Қазір де сол ойды қайталауға болады. Мен үшін Фариза – ұлы суреткер, ұлы ақын.
«Мәңгілік бала бейне» пьесам алғаш театрда қойылғанда Фариза апай Мәжілісте депутат еді. Арнайы келіп, гүл шоқтарымен сахнаға шығып, маңдайымнан сүйді де, құлағыма сыбырлап: «Розажан, біздерді, депутаттарды оңдырмапсың» деп күлді. Қайран апам, бәлкім ол кісінің орнында бір шабарман, делқұлы бір депутат болса, ол пьесаны жаптырып тастар ма еді, кім білсін?! Фариза шын өнерді жоғары бағалайтын, қиянатқа қарсы тұратын, мінезді еді. Сол «Мәңгілік бала бейнеге» Фариза апаның көтеріп келген таудай гүлдері менің әлі есімде. Ол күндер қазір сағынышқа айналды.
– «Фариза» коммерциялық туынды ма?
– Иә. Коммерциялық туынды. Бас продюсер – Айнұр Көпбасарова. Маған ұсыныс Айнұрдан түсті. Айнұр спектакльге кейбір мамандарды шетелдерден алдырды. Бұл әрине, үлкен қаражатты талап етеді. Спектакльдің режиссері Фархат Молдағалиев, композиторы – Ринат Гайсин, актерлер құрамы – Лейло-Ханинга Бекназар, Қуандық Қыстақбаев, Назгүл Қарабалина сияқты қазақ өнерінің бүгінгі дүлдүлдері. Қазіргі заманда продюсерлер көп қой, бір күндік қызыл-жасылды малданып, қаражат шашатын. Ал Айнұрдың рухани байлығы, білім парасаты, қайраткерлігі ұнады. Осы жобаға зор жауапкершілікпен барын салды. Бұл кісінің де Фариза ақынға деген жеке басының құрметі болса керек. Спектакльдің сыртында қаншама тер төккен қазақтың ұл-қыздары тұр. Ұйымдастырушылық, жауапкершілік артқан бүтін бір ұжым бар. Осынша шығармашылық күш үйлесім тапқанда ғана көңілдегідей қойылым шығады деп ойлаймын.
– Бұл мерейтойлық премьера екені белгілі. Биыл ғана сахналанып, ары қарай тоқтап қалмай ма деген де қауіп бар.
– Бұл – үлкен жоба. Мұның өміршеңдігін уақыт көрсетер. Білетінім – Мәскеудегі «Современник» театрына қойылатындығы. Қазақтың қайраткер ұлы, Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов қолдау көрсетіп отырғанын естідім. Шет елдегі Қазақстан елшілерінің барлығы дәл осындай қолдау көрсетулеріне болар еді. Бірақ ол үшін ұлтын сүю, ұлтқа қызмет ету, рухани құндылықты сезіне білу керек қой. Қазақ әдебиетінің көркем де келісті жанры драматургияны қолдап, жәрдем беретіндер бұл күнде тым аз... Осы орайда бел шешіп, азаматтық танытқан Айнұр сіңіліме алғыс айтамын.
– Фариза апай – тағдыры күрделі тұлға. Пьесаңыз арқылы образын аша алдым деп ойлайсыз ба?
– Білмеймін... Оны көрермен айта жатар. Бірақ апамыз тіршілікте маған көп қолдау білдірді, жақсы көрді, еркелетті. Демек шығармашылығыма көңілі толған шығар. Әйтпесе мен де қазақтың қалам ұстаған көп қызының бірімін ғой.
Әр ұлттың қаһарман тұлғалары болатыны сияқты, өнер әлемінде де әр дәуірдің өз кейіпкерлері болады. Өз заманы, өз уақыты оларды бағалай да, бағамдай да алмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе тарих өз бағасын береді.
Иә, Фаризаны жазу оңай болған жоқ. Ол кісі өмірден кеше ғана өтті. Бүгінгі көрермен Фаризаны жақсы біледі. Сондықтан оның образын өтірік жасай алмайсың. Ол кісінің 70 жылдығы қарсаңында ақын Оңайгүл Тұржан апаның «Шашы ағарған қыз» деген кітабын әкеп берді. Ол үнемі маған «Сен түбі апай туралы жазатын сияқтысың» дейтін. Фариза апа өзінің он томдық шығармалар жинағын берді. Өзі де «Түбі саған осы керек болар» деп, қолтаңбасымен сыйға тартып еді.
Өзің білетіндей, апай соңғы сәтте ауырып жүрді. Мен апайға бара алмадым. Оның шаршаған, қажыған, дерт меңдеген сәтін көргім келмеді. Көп адамдардан сәлем айтып жатты. Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқажыұлы, бәрі маған хабарласып, апайдың сәлемін жеткізіп жатты. Бірақ... бара алмадым. Апай дүниеден өткен соң, шаңырағына бару тіпті қиын болды. Дегенмен... бардым. Еңсем көтертпей әрең кірдім. Сіңлісі Алмагүл өкпесін айтты. «Соңғы сәтке дейін «Роза, Роза» деп іздеді ғой. Қаншама адамнан сәлем айтты. Сонша жақсы көргенде бір рет келмедіңіз» деді. Өкпесі орынды еді. Үнсіз кеттім. Өзімді кінәладым. Осы пьесаны жазып отырғанда, Фариза апайдың кітаптарын көп ақтардым. Қайта-қайта оқыдым. Көп ойландым. Оның өлеңдерінен апайдың өзін іздедім. Сонда өзінің үлкен өкінішін айтыпты. Мұқағали ауырып жатқанда апайды көп іздепті. Ақыры келмеген соң атақты «Фариза» деген өлеңін жазып, жігіттерден беріп жіберсе керек. Апай өлеңді де оқыған. Бірақ, бара алмаған. «Бакуге ұшатын күнім жақын еді» деп жазыпты кітабында. Бұл да бір жұмбағы бар құпиясы шығар деп ойлаймын. Адамның аяғы тұсалатын, табаны тартпай, бұғауын үзе алмайтын түсініксіз бір сәттің жауабын ешкім білмес. Мен де осы күйді басымнан өткіздім. Фариза апа дүниеден өткен соң өзімді кінәлаумен жүрдім. Бір күні түсіме енді. «Розажан, тоңып жүрмін» дейді. Сұқ саусағымен бір саңылауды көрсетіп: «Осы жақтан бір суық жел үрлейді де тұрады» дейді жарықтық...Таң атар-атпастан көзі тірісінде жанына жақын тартып жүретін, сіңлісі боп кеткен Оңайгүлге хабарластым. «Кеттік, Оңқа. Апамның басына барып құран оқуымыз керек» деймін ғой. Сөйтіп, апамның құлыптасында ұзақ отырдық. Жақсы көретінімізді айттық. Рухымен тілдестік. Міне, Фариза – сондай адам. Ол – қасиетті. Фаризаға түбі бір оралармын, арнайы жазармын деп ойлайтын едім. Осы сәт туды.
– Апайдың өмірінің соңы бас қалада өтті. Қойылымды елордалық театрлардың бірінде сахналамай, неге Әуезов театрын таңдап алдыңыздар?
– Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, мәдениет департаменті мүмкіндік жасаса, қолдау көрсетсе астаналық көрермендер де сөзсіз «Фаризамен» қауышады. Өйткені жан-жақтан сұраушылар, көрермендер өте көп. Мұндай сұраныс, әрине қуантады.
Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН